Шымкент қаласының Спорт сарайы мемлекетке қайтарылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Шымкент қаласының прокуратурасы заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару бойынша жұмыс істеп жатыр.
«Қала прокуратурасының талап арызы бойынша Шымкент қаласындағы Спорт сарайы (қазіргі Мұзсарайы) мемлекетке қайтарылды. 2017 жылы Шымкент қаласының «Спорт сарайы» ЖШС-ның 67,09% үлесі жекешелендіріліп, құны 1 млрд теңгеге, яғни нарықтық құнынан 8 есе аз сомаға сатылғаны анықталды.
Сонымен қатар, Спорт сарайын сатып алған ұйым жекешелендіру рәсіміне заңсыз жіберілген және жарғылық құжаттарға сәйкес спорт саласындағы қызметтермен айналысуға құқығы жоқ болғандықтан, аукционға қатысушы ретінде тіркеле алмайды», — деп жазылған хабарламада.
Спорт сарайы — оңтүстік өңірлерде қысқы спорт түрлеріне дайындайтын жалғыз орын.
Объектіні жекешелендіру кезінде мемлекет мүлкін қоғам игілігіне тиімді пайдалану қағидасына сәйкес басқаруды міндеттейтін «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңының нормалары бұзылған.
Сондай-ақ, 5 жыл ішінде мемлекет Спорт сарайының үй-жайларын жалға алуға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған.
Шымкент қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 мамырдағы шешімімен жекешелендіру нәтижелері жойылды. Қазіргі уақытта шешім заңды күшіне енді.
Бұған дейін де Шымкенттегі «Мұз сарайы» мемлекеттің бақылауына қайтарылып жатқаны белгілі болды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин айтты.
«27 мамырда бірінші сатыдағы сот «Спорт сарайы» ЖШС үлесін (67 пайыз) жеке меншікке 128 миллион теңгеге сатып алу-сату шартының күшін жойды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ», — деп мәлімдеді Ерғарин бұған дейін.
«Сатып алған — «Мұнай Құрылыс Сервис» ЖШС. Мұз айдынының қалған 33 пайызына «Саут-Ойл» ЖШС иелік етеді. Ал бұл екі компанияның да иесі – Серікжан Сейітжанов.
Өңірді Өмірзақ Шөкеев басқарып тұрған 2007 жылдары бұл сарайға мұз айдыны салынып, қысқы спорт түрлерінен жаттығу жасайтын орынға айналған. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Шөкеев 404 миллион теңге ақша жұмсап, оның 33 пайызын қала кәсіпкерлері шығарды деген. Қалған сомма бюджеттен алынған болатын. Араға он жыл салғанда бұл ғимаратты ұстап тұра алмаймыз деген шенеуніктер аукционға жүгінген»,- деп жазылған еді БАҚ мәліметтерінде бұл сарай туралы.
Ал Серікжан Сейітжанов Қазақстандағы табысы мол байлардың қатарында көш бастайды. Олигарх Шымкенттегі ірі қонақүйлерді де басқарады, оған қоса оның Қайрат Сатыбалдының құдасы екені де жиі айтылады.