Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Астанада мас күйінде көлік жүргізіп, бірнеше жол апатына ұшырағаннан кейін алғаш рет ішімдікке тәуелділігі туралы ашық айтты. Бір ай оңалту орталығында ем алған боксшы ауыр кезеңнен өтіп жатқанын мойындап, кәсіби рингке оралуға бел буғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Елеусіновтің айтуынша, ішімдікке әуестік 2016 жылғы Рио Олимпиадасынан кейін пайда болып, уақыт өте келе тәуелділікке ұласқан.
«Иә, мойындаймын. Олимпиададан кейін ішімдікке бейімділігім, алкогольге құмарлығым пайда болды. Оның қалай ауруға айналып кеткенін өзім де білмеймін. Алайда күлетін нәрсе емес. Мен күресіп жатырмын», — деді спортшы.
Боксшы кезінде мұндай жағдайға тап болған адамдардың жан күйзелісін өзі де толық түсінбегенін жасырмады. Енді басынан өткерген сынақтан кейін өзгені оңай айыптап, келемеждеуге болмайтынын ұққан.
«Адамдар өздері мұндай жағдайға тап болмаған соң түсінбей, күледі. Жас кезімде мен де күлетінмін, түсінбейтінмін. Маған осындай сынақ бұйырды. Өмір деген осы. Мені соттамаңыздар», — деді ол.
Елеусінов шамамен бір ай оңалту орталығында болғанын жеткізді. Оның пікірінше, танымал адамдар үнемі мінсіз өмір сүріп жатқандай кейіп танытпай, басындағы қиындықты қоғамнан жасырмауға тиіс.
«Қазір заман басқа. Мәселең болса, оны болған күйінде ашық айту керек. Жұлдыздардың өмірі түгел тамаша деген түсінік дұрыс емес. Біз де адамбыз. Ешкім мінсіз емес», — деді Олимпиада чемпионы.
Спортшының ішімдік мәселесін жария мойындауына Астанадағы атышулы жол оқиғасы себеп болды. Биыл шілдеде ол Toyota көлігін мас күйінде басқарып, бір сапардың ішінде бірнеше соқтығысқа ұшыраған. Адамдар зардап шекпегенімен, көліктерге зақым келген.
Сот Елеусіновтің жеңіл дәрежеде мас болғанын анықтады. Боксшы кінәсін мойындады. Оған 20 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
«Мен өзімді ақтамаймын. Мүмкін, ең үздік адам емес шығармын. Мен Головкиннен де, Шүменовтен де, Жақияновтан да артық емеспін. Өзімді біреуден жоғары көрсетуге тырыспаймын», — деді ол.
Басынан өткен жағдайға қарамастан, Елеусінов спорттық мансабын аяқтамақ емес. Боксшы АҚШ-қа қайта барып, жаттығуын жалғастыратынын және кәсіпқой бокста чемпиондық биікке жетуге тағы бір мүмкіндік іздейтінін жеткізді.
Ол қазақстандық жанкүйерлерден келемеждің орнына қолдау күтетінін де жасырмады.
«Қолдап, жанкүйер болыңыздар. Қазақтың бір жігіті чемпион атанса, қуаныңыздар. Адамды жерге ұру оңай», — деді спортшы.
Данияр Елеусінов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Олимпиада алтынын жеңіп алды. Әлем чемпионы атанып, Азия ойындарында екі рет топ жарды және құрлық біріншілігінде жеңіске жетті. Кәсіпқой рингте IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы және IBF Inter-Continental белбеуінің иегері болған.
Ол кәсіпқой бокста әлі жеңілген жоқ. Елеусінов 13 кездесудің бәрінде жеңіске жетіп, сегіз қарсыласын мерзімінен бұрын тоқтатқан. Соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы шілдеде АҚШ-та өткізіп, филиппиндік Джеймс Бейконды техникалық нокаутпен ұтты. Ендігі күрес рингтегі қарсыласпен ғана емес, спортшының өзі мойындаған тәуелділікпен де жүріп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







