ONAY! қосымшасында дайын тағамға тапсырыс беру қызметі іске қосылды. Пайдаланушы жақын маңдағы дәмхананы таңдап, тапсырысты қосымша арқылы төлейді, алайда әзірге курьерлік жеткізу қарастырылмаған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа қызмет қосымшаның Life бөлімінде орналасқан. Мұнда бургер, донер, пицца, салат және ыстық тағам ұсынатын орындар көрсетіледі. Кей дәмханалар жеңілдік пен арнайы акция жариялаған. Олардың арасында «1+1=3» секілді ұсыныстар да бар.
Қосымша пайдаланушыға жақын орналасқан серіктес дәмханаларды автоматты түрде көрсетеді. Тағам таңдалған соң тапсырыс ONAY! арқылы төленеді. Дайын болған өнімді сатып алушы көрсетілген мекенжайдан өзі алып кетуі керек.
Төлем жасамас бұрын дәмхананың мекенжайын, тағамның дайындалу уақытын және тапсырыстың толық құнын тексерген жөн. Қайтару мен тапсырыстан бас тарту шарттарына да назар аудару қажет. Кей акциялар мәзірдегі барлық тағамға бірдей қолданылмауы мүмкін.
ONAY! сайтында жаңа қызметтің іске қосылғаны туралы жеке хабарлама әзірге жарияланбаған. Алайда App Store жаңартулар тарихында тағамға арналған арнайы ұсыныстар енгізілген Life парақшасы 13 маусымда пайда болғаны көрсетілген.
Қосымшаның ресми сипаттамасында Алматы, Астана және Қарағанды тұрғындарына арналған кіріктірілген маркетплейс бар екені жазылған. Демек, ONAY! қоғамдық көлік қызметімен шектелмей, қалалық цифрлық платформаға айналуға кірісті.
Бұған дейін қосымша жол ақысын төлеу, көлік картасын басқару және автобустың қозғалысын бақылау үшін пайдаланылатын. Енді оған сауда және тағамға тапсырыс беру қызметтері қосылып отыр.
Жаңа бөлім дәстүрлі жеткізу сервистерін толық алмастыра алмайды. Курьер болмағандықтан, тапсырысты пайдаланушы өзі алып кетеді. Қызметтің негізгі артықшылығы — жақын маңдағы орындарды жылдам табу, қосымша арқылы төлеу және арнайы жеңілдіктерді пайдалану.
Google Play мәліметіне сәйкес, ONAY! көлік қызметтері Қазақстанның он қаласында жұмыс істейді. Қосымшаның операторы ретінде «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС көрсетілген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







