Астанада балаларға арналған әскери-спорттық лагерьде қоршаған ортаны қорғау және табиғатқа құрметпен қарау тақырыбында экологиялық іс-шара өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараға әскери сала өкілдері, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері және оқушылар қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің экологиялық мәдениетін қалыптастырумен қатар, олардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік және тәртіп дағдыларын дамыту.
Астана қаласы әкімдігінің «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының директоры Ғинаят Сыздықовтың айтуынша, мұндай шаралар балаларға табиғатты қорғау ұғымын нақты әрекет арқылы түсіндіруге мүмкіндік береді.
– Бүгінгі іс-шара балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын тәрбиелеуге бағытталды. Қатысушылар табиғи ресурстарды сақтаудың маңызын, экологиялық мінез-құлық қағидаларын және әр адамның табиғатты қорғауға қалай үлес қоса алатынын білді, – деді ол.
Оның сөзінше, лагерь 1 маусымнан бастап жұмыс істеп келеді. Мұнда әртүрлі санаттағы отбасылардан шыққан балалар қатыса алады.
Астана қаласы Білім басқармасының алғашқы әскери дайындық пәнінің әдіскері Қайрат Нұрахметұлы «Айбынды маусым» жазғы лагерінің негізгі мақсаты балаларды Отанды қорғауға баулу екенін атап өтті.
– Күннің ыстық-суығына қарамай Отанды қорғау әрқашан маңызды. Балалардың бойына төзімділік, туған жерге сүйіспеншілік және отаншылдық рухты дарыту басты міндеттердің бірі, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, экологиялық тәрбие мен патриоттық бағыт бір-бірімен тығыз байланысты. Табиғатты қорғау, туған жерге жанашыр болу және қоғамдық тәртіпті сақтау – елге қызмет етудің қарапайым, бірақ маңызды көріністері.
Жазғы лагерь аясындағы мұндай іс-шаралар балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, дене дайындығын арттыруға және жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







