Астанадағы №341 сайлау учаскесінде дауыс беру барысын бақылаған Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев сайлау процесінің ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Оның айтуынша, учаскеде заң бұзушылық байқалмаған, ал сайлаушылардың белсенділігі қазақстандықтардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры ғимаратында орналасқан №341 сайлау учаскесі 23 тамызда таңғы сағат 07:00-де жұмысын бастады. Елорда тұрғындары күні бойы учаскеге келіп, Құрылтай депутаттарының сайлауында өз таңдауын жасады.
Учаскеде сайлаушыларды тіркеу, бюллетень беру және дауыс беру рәсімдері белгіленген тәртіппен ұйымдастырылған. Азаматтардың еркін әрі құпия таңдау жасауына қажетті жағдай қарастырылды.
Құрылтай сайлауын ел бойынша 42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйымнан келген 777 шетелдік байқаушы қадағалады. Солардың бірі – Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев №341 учаскесіне барып, дауыс беру барысымен танысты.
Оның айтуынша, халықаралық делегация сайлау алдындағы дайындық кезеңін де бақылаған.
«Кешеден бері дайындық жұмысының барлық кезеңімен таныстық. Бүгін сайлаудың өту барысын бақылап отырмыз. Барлық процесс заңдық нормаларға сай ұйымдастырылғаны анық», – деді Зайниддин Низамходжаев.
Өзбекстан ОСК төрағасы сайлаушылардың белсенділігіне ерекше назар аударды. Оның сөзінше, учаскеде дауыс беруге келген азаматтардың кезекке тұрған сәттері де байқалған.
«Сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары болды. Адамдардың сайлау кезегінде тұрғанын көрдік. Меніңше, бұл қазақстандықтардың өз болашағына бейжай қарамайтынының белгісі», – деді ол.
Халықаралық байқаушы учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің кәсіби даярлығын да атап өтті. Оның бағалауынша, комиссия төрағасы, хатшысы және өзге мүшелер қойылған сұрақтарға толық әрі нақты жауап берген.
«Ешқандай тәртіп бұзушылық байқалған жоқ. Мұны Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының тиянақты жұмысының нәтижесі деп білемін. Бауырлас қазақ халқына өз болашағы үшін ақылды шешім қабылдауын тілеймін», – деді Низамходжаев.
Тату көршілік қарым-қатынасымыз мәңгілік болсын
Ол Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынасқа да тоқталды. Оның айтуынша, екі ел арасында экономикалық, гуманитарлық және саяси ынтымақтастық жоғары деңгейде дамып келеді.
Низамходжаев ашық шекара мен өзара туристік байланыстың екі халықты одан әрі жақындастырып отырғанын атап өтті. Ол қазақ пен өзбек халқының тарихи, мәдени және рухани байланысын ерекше атады.
«Қазақстан мен Өзбекстан арасында экономикалық, гуманитарлық және саяси тамаша ынтымақтастық қалыптасқан. Ашық шекарамыздан қазақ пен өзбек халқы еркін өтіп жатады. Тату көршілік қарым-қатынасымыз мәңгілік болсын», – деді Өзбекстан ОСК төрағасы.
23 тамыздағы сайлау Қазақстанда 1991 жылдан бері өткізілген оныншы парламенттік сайлау саналады. Дауыс беру пропорционалды жүйе бойынша өтті, ал сайлаушылар бюллетеньде көрсетілген саяси партиялардың бірін таңдады.
Сайлау қорытындысы бойынша бір палаталы Құрылтайдағы 145 депутаттық мандат партиялар арасында бөлінеді. Халықаралық байқаушылар дауыс беру аяқталғанға дейін сайлау процесін бақылауды жалғастырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







