Пәтер мен автокөлік сатып алу кезінде сатушының сөзіне сеніп, құжаттарды толық тексермеу азаматты ірі қаржылық шығынға ұшыратуы мүмкін. Қазақстанның Ұлттық тұтынушылар лигасы республикалық қоғамдық бірлестігі президентінің орынбасары Василий Романовский қауіпсіз мәміленің негізгі ережелерін түсіндірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарапшы төлем жасалғанға дейін сатушы ұсынған барлық құжатты мұқият тексеруге кеңес береді. Ауызша айтылған әрбір маңызды уәде шартта жазбаша көрсетілуге тиіс. Өйткені дау туындағанда жарнама немесе ауызша келісімнен гөрі қол қойылған құжат шешуші дәлелге айналады.
Пәтер сатып алушы алдымен сатушының меншік құқығын растайтын құжаттарымен танысуы керек. Құжаттағы мекенжай, тұрғын үйдің көлемі мен жоспарлануы нақты нысанның сипаттамасына сәйкес келгені маңызды. Сонымен бірге жылжымайтын мүліктің кепілде тұрмағанын, оған тыйым немесе арест салынбағанын тексерген жөн.
Коммуналдық төлемдер мен өзге де берешекке қатысты мәліметтерді алдын ала анықтау қажет. Пәтердің бұрынғы иесі жинаған қарызды өтеу міндеті сатып алушыға үнсіз жүктеліп қалмауы керек. Сатушының нысан берілгенге дейін пайда болған берешекті толық өтеу міндеттемесін шартқа енгізген дұрыс.
Сатып алу-сату шартында пәтердің толық мекенжайы, көлемі, бағасы және нақты жағдайы көрсетілуге тиіс. Тұрғын үйді тапсыру мерзімі мен оның жиһаз, техника немесе өзге жабдықтармен қамтамасыз етілуі де жеке жазылады. Қабырға әрлеуі, сантехника, есік, терезе секілді маңызды сипаттамаларды жалпы сөзбен шектемей, мүмкіндігінше нақтылаған жөн.
– Лига тәжірибесінде адамға бір пәтерді немесе бір жоспарды көрсетіп, шартта мүлде басқа сипаттамаларды жазып қоятын жағдайлар кездеседі. Сондықтан сатушының сөзі мен жарнамалық материалдарға ғана сүйенуге болмайды, барлық мәліметті құжатпен салыстыру қажет. Шартқа енбеген уәдені кейін дәлелдеу әлдеқайда қиын, – деді Василий Романовский.
Құрылыс компаниясының қызметімен танысу қажет
Құрылысы аяқталмаған үйден пәтер сатып алғанда тәуекел деңгейі жоғарылайды. Нысанды тапсыру мерзімі кешігуі, құрылыс толық тоқтауы немесе құрылыс салушы банкротқа ұшырауы ықтимал. Жоба барысында пәтердің көлемі, әрлеу сапасы мен бастапқыда көрсетілген сипаттамалары өзгеріп кетуі де мүмкін.
Сондықтан ақша аударылғанға дейін құрылыс компаниясының қызметі, нысанға қатысты рұқсат құжаттары және келісім талаптары тексерілуге тиіс. Брондау шарты мен алдын ала келісімдегі түсініксіз тармақтарға қол қоюға асықпаған жөн. Менеджердің тапсыру мерзімі, әрлеу және жинақтама туралы уәдесі де жазбаша бекітілуі керек.
Пәтер қабылданған кезде оның нақты жағдайын құжатпен тіркеу маңызды. Есептегіш құралдардың көрсеткішін, анықталған ақауларды және тұрғын үйдің жалпы күйін фото немесе бейне арқылы сақтап қойған дұрыс. Берешек пен ауыртпалық туралы анықтамалар да кейін туындауы мүмкін дауда дәлел ретінде пайдаланылады.
Мәселе мәміле аяқталғаннан кейін анықталса, сатушыға жазбаша талап жолданады. Сатып алушы кемшілікті жоюды, берешекті өтеуді, шығынды өтеуді немесе шартты бұзуды талап ете алады. Талаптың тапсырылғанын растайтын белгі, пошта түбіртегі немесе электрондық хабарлама міндетті түрде сақталғаны жөн.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 42-4-бабына сәйкес, сатушы талаппен келіспесе, он күнтізбелік күн ішінде дәлелді жазбаша жауап беруге міндетті. Жауапсыз қалған немесе қанағаттандырылмаған талап кейінгі құқықтық әрекеттерге негіз болады. Сондықтан сатушымен болған хат алмасудың барлығын сақтаған дұрыс.
Көлік сатып алынғанда
Жаңа автокөлікті қабылдау кезінде де құжатқа қол қоюға асықпау қажет. Сатып алушы көліктің сәйкестендіру нөмірін, жүрілген жолын, шанағын, жиынтықталуын және ілеспе құжаттарын тексеруі керек. Сыртқы сызат, майысу немесе жетіспейтін жабдық анықталса, кемшілік қабылдау-тапсыру актісіне жазылады.
Өндірістік ақау кейін байқалған жағдайда дилерге ауызша хабарлау жеткіліксіз. Жазбаша талапта көліктің маркасы, сәйкестендіру нөмірі, жүрілген жолы, ақау анықталған күн және оның толық сипаттамасы көрсетіледі. Сатып алушы жөндеу, бағаны төмендету немесе заңда көзделген өзге талаптардың бірін нақты жазуы қажет.
Автокөлік сервиске тек тапсырыс-наряд немесе қабылдау актісі арқылы берілуге тиіс. Құжатта көлік иесі шағымданған ақау дәл әрі толық көрсетілгені маңызды. Жалпылама немесе басқа сипаттамамен рәсімделген жазба кейін дауды дәлелдеуді қиындатуы мүмкін.
– Шартты, сервистік кітапшаны, диагностика қорытындысын, фотосуреттерді және сатушымен болған хат алмасуды сақтау қажет. Осы құжаттар ақаудың қашан пайда болғанын және дилердің өтінішке қалай жауап бергенін көрсетуге көмектеседі. Мұнда әрбір жағдайды қағазға түсіру шешуші мәнге ие, – деді сарапшы.
Сапасы талапқа сай келмейтін көлік сатып алынғанда заң бірнеше қорғану тәсілін қарастырады. Тұтынушы кемшілікті тегін жоюды, сатып алу бағасын төмендетуді немесе жөндеуге жұмсаған шығынын өтеуді талап ете алады. Заңда белгіленген жағдайда автокөлікті ауыстыруға немесе төленген ақшаны қайтаруға мүмкіндік бар.
Автокөлік техникалық жағынан күрделі тауар санатына жатады. Сондықтан оны ауыстыру немесе ақшасын қайтару талабы көбіне елеулі ақаудың болуымен байланысты. Бір кемшіліктің қайта шығуы, жөндеудің ұзаққа созылуы және көлікті пайдалану мүмкіндігінің болмауы осындай ақауды анықтайтын жағдайлар қатарына кіреді.
Қолданылған көлікті жеке тұлғадан сатып алғанда құқықтық жағдай өзгеше болады. Егер сатушы автокөлік саудасымен кәсіпкер ретінде айналыспаса, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң, әдетте, мұндай мәмілеге қолданылмайды. Сол себепті машинаның жағдайын ақша берілгенге дейін жан-жақты тексеру айрықша маңызды.
Сатып алушы көліктің сәйкестендіру нөмірін, тіркелу тарихын және жүрілген жолы туралы мәліметті зерттегені жөн. Оның кепілде тұрмағанын, арест немесе басқа шектеу қойылмағанын да анықтау қажет. Жол-көлік оқиғаларына қатысу тарихы мен бұрынғы жөндеу жұмыстары назардан тыс қалмауы керек.
Жасырын ақау анықталса не істеу керек?
Қолданылған машинаны тәуелсіз техникалық диагностикадан өткізген дұрыс. Тексеру жүргізетін сервисті сатушы емес, сатып алушының өзі таңдағаны қауіпсіз. Мұндай тәсіл көліктің нақты жағдайын мүдделі тараптың ықпалынсыз бағалауға мүмкіндік береді.
Шартта машинаның нақты жүрілген жолы, белгілі техникалық ақаулары және жалпы жағдайы жазылуы керек. Көліктің келісілген құны мен оған үшінші тұлғалардың құқығы жоқ екені де жеке көрсетіледі. Сатушы хабарлаған кемшіліктерді шартқа енгізу кейін тараптар арасында туатын түсінбеушілікті азайтады.
– Жасырын ақау сатып алғаннан кейін анықталса, оның мәмілеге дейін болғанын және сатушының бұл жөнінде хабарламағанын сатып алушы дәлелдеуге тиіс. Мұндай дауда диагностика қорытындысы, сараптама, тапсырыс-наряд және хат алмасу материалдары қолданылады. Сондықтан көлікті төлем жасамай тұрып, сатып алушы өзі таңдаған сервисте тексергені дұрыс, – деді Василий Романовский.
Сарапшының айтуынша, мәміле неғұрлым егжей-тегжейлі рәсімделсе, сатып алушының өз құқығын қорғау мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Жазбаша шарт, қабылдау актісі, фотосуреттер, түбіртектер және ресми хат алмасу күтпеген шығыннан қорғайтын дәлелдер тізбегін қалыптастырады. Пәтер немесе көлік аларда бірнеше сағат құжат тексеруге жұмсау кейін миллиондаған теңгені жоғалтудан сақтауы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







