Altay Fest – 2026 фестивалі аясында Берел ауылының іргесіндегі Патшалар жазығында «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия кеші өтті. Әдеби басқосу көрнекті ақын Ақтан Нұрбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналды. Кешке Қазақстанның әр өңірінен келген қаламгерлер қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шараны Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ашты. Ол бірнеше күнге жалғасатын фестивальге арнайы келген ақындар мен қонақтарға алғыс білдірді. Өңір басшысы Алтайды тарихы терең, табиғаты көркем әрі руханиятпен біте қайнасқан қасиетті мекен деп атады.
– Мөлдір бұлағы мәңгіліктің күйін шерткен, тасын түртсе тарихы сөйлейтін осы өлкеде бас қосудың өзі – үлкен бақыт. Бүгін біз Алтайдан түлеп ұшқан көрнекті ақын, қазақ поэзиясының көркем көкжиегін кеңейткен Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдық мерейтойын елдік деңгейде атап өту үшін жиналдық. Барша қонаққа қазақы дәстүрмен қош келдіңіздер дейміз, – деді облыс әкімі.

Поэзия кешіне алдын ала іріктелген 16 ақын қатысты. Ел рухын жырмен көтеріп, уақыттың үнін өлеңге айналдырған қаламгерлер Берел төрінде бас қосты. Олардың арасында халықаралық фестивальдердің лауреаттары мен әдеби ортаға кеңінен танылған ақындар болды.
Кештің өткізілу форматы да өзгеше ұйымдастырылды. Ақындар сахнаға екі-екіден шығып, әрқайсысы екі өлеңнен оқыды. Өнер көрсетіп болған соң олар сахна маңында алаулаған отқа бір-бір шоқ отын тастап отырды.

Көрермендер отқа отын салу рәсімін жазушы Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» шығармасымен байланысты қабылдады. Ашық аспан астына жиналған жұрт ақындардың таңдаулы өлеңдерін тапжылмай тыңдады. Қаламгерлер жырларын ерекше екпінмен оқып, Патшалар жазығына поэзияның айрықша рухын дарытты.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған кеш барысында күн салқындап, көрермендердің көбі сырт киімдерін киюге мәжбүр болды. Жаурай бастаған қонақтар кәуап дайындалып жатқан орынға жақындап, ыстық шай сұрады. Ал жергілікті тұрғындар Алтайдың құбылмалы ауа райына үйренгендей сабыр танытты.

Марапаттау рәсіміне облыс әкімімен бірге белгілі жазушы Әлібек Асқаров қатысты. Ол сахнаға шыққан ақындарды құттықтап, таныс қаламгерлермен жылы жүздесті. Поэзия кешінде өнер көрсеткен 16 ақынның әрқайсысына 500 мың теңгеден сыйақы табысталды.
Шара соңында ақындар мен ұйымдастырушылар естелік суретке түсті. Қонақтар Алтай төріндегі әдеби кештен ерекше әсер алып, біртіндеп тараса бастады. Патшалар жазығындағы поэзия мерекесі Ақтан Нұрбаевтың мұрасын жаңғыртып, ұлттық әдебиетке деген құрметті тағы бір мәрте айқындады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







