Кеше Талғарда тағы бір қайғылы оқиға болды. Жуырда ғана көз жұмған марқұм Шерзаттың ағасы да қаза тапты. Алматы облысының Полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған Шерзат Болаттың ағасының көлігінің видеосына қатысты пікір білдірді, — деп ErtenMedia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода автор марқұмның көлігін көрсете отырып,
«Нұрболат бауырым қайтыс болды осы жерде. Жедел топ көлікті орнынан заңсыз қозғалтып, бізге ештеңе көрсетпей, алып бара жатқан жерінен тоқтатып алдық», — дейді.
Алматы облыстық Полиция департаменті мән-жайды түсіндірді.
«Автокөлікті марқұмның мәйіті табылған жерден алыс емес жерде 30 жастағы азаматтың туыстары анықтады. Полиция қызметкерлері хабарламаны алғаннан кейін бірден оқиға орнына жетті. Тәртіп сақшылары заңда белгіленген тәртіппен қажет жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, оның ішінде көлік құралын жан-жақты тексерді. Тексеруден кейін көлік жақын туыстарына берілді», — деп жазылған Полиция департаменті хабарламасында.
Еске салайық, кеше Алматы облыстық полиция департаменті Талғар қаласының маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылғанын хабарлады. Ол Шерзаттың ағасы екені анықталды.
Полиция марқұм Шерзат Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын да мәлімдеді.
«Марқұмның отбасына қатысты қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің сөзінше, ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлікпен кетке. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жарияланбайды», — деп жазылған хабарламада.