Қазақстанда екі атом электр станциясы қатар салына ма? Бұл сұраққа энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жауап берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Министрдің сөзінше, Қазақстан электр энергиясының тапшылығын ескере отырып, энергетикалық қуаттарды жедел енгізуі қажет.
«Ядролық кластер жаңа қуаттарды енгізуге де, көміртегі ізін азайтуға да мүмкіндік туғызады. Осыған байланысты құрылысты қатар жүргізуге мүмкіндігіміз бар деп есептеймін. Бұл үшін бізде қажет ресурс бар. Құрылыс әртүрлі алаңда жүргізіледі. Жалпы алғанда мұндай сценарийді іске асыруға мүмкіндік бар», — деді Алмасадам Сәтқалиев Үкіметтегі брифингте.
Айта кетейік, бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов таяуда Қазақстанда алғашқы АЭС салу жөнінде келісімдер жасалатынын мәлімдеді.
«Жақын арада Алматы облысында бірінші атом электр станциясын салу бойынша тиісті келісімдерге қол қоямыз. Сондай-ақ екінші атом электр станциясы құрылысының ықтимал орындарын анықтау үшін өңірлерді талдау жұмыстары аяқталуға жақын», — деді премьер-министр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та екінші АЭС-ке орын іздеуді тапсырды.
«Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз — бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл айдан анық», — деді Тоқаев.