Елімізде жылжымайтын мүлік нарығында қызмет көрсететін риелторлар мен делдалдардың жауапкершілігі күшейтіліп, олардың жұмысына бірыңғай мемлекеттік талаптар бекітілмек. Тұтынушылардың құқығын қорғау және адал бәсекелестікті қамтамасыз ету мәселелері Сауда және интеграция министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес отырысында қаралды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Нарықтағы өзекті түйткілдер
Жиында риелторлық қызмет көрсету саласындағы бірқатар проблема ортаға салынды. Қоғамдық кеңес мүшелері нарықта ортақ тәртіп пен айқын ережелердің жоқтығын алға тартты. Әсіресе риелторлардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінің және міндетті аккредиттеудің болмауы, сондай-ақ көрсетілетін қызметке бірыңғай стандарттың бекітілмеуі басты кедергі ретінде аталды.
Сонымен бірге делдалдардың баға қалыптастыру саясаты көбіне ашық емес, ал тұрғын үй сатып алушылар мен сатушылардың құқықтары тапталған жағдайда шағымдарды қарау тетіктері толық реттелмеген. PANA қауымдастығының басшысы Әсет Айтбайдың айтуынша, кәсіби қоғамдастық бұл өзгерістерді осыдан екі жыл бұрын ұсынған. Басты мақсат – салаға кездейсоқ келген біліксіз делдалдарды шеттетіп, тұрғындарды алаяқтықтан сақтау.
«Ұсынылып отырған барлық өзгерісті Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесе талқылаймыз. Құрылтай жанындағы жұмыс тобы аясында риелторлық қызметті реттеу тетіктері егжей-тегжейлі пысықталады», – деп атап өтті сауда министрі Арман Шаққалиев.
Заң жобасы депутаттар қарауында
Сауда министрлігінің мәліметінше, аталған саланы реттеуге бағытталған заңнамалық түзетулер қазіргі уақытта Құрылтайда қаралып жатыр. Үкімет риелторлық қызмет көрсету тәртібін бекіту, лицензиялау және мемлекеттік бақылау тетіктерін енгізу бойынша үш оң қорытынды берді.
Министрлік дербес жеке заң қабылдаудың қажеті жоқ екенін, қолданыстағы заңнама аясында азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін жетілдіру жеткілікті болатынын түсіндірді. Қазір заң жобасымен қатар салалық кәсіби стандарт әзірленіп, мемлекеттік органдармен келісілу үстінде.
Импорттық өнім сапасы мен тауарлар картасы
Қоғамдық кеңесте риелторлық қызметпен қатар отандық ет өңдеу өнеркәсібінің жағдайы және шетелден әкелінетін шұжық өнімдерінің сапасы да көтерілді. Қатысушылар дүкен сөрелеріндегі импорттық өнімдерді тұрақты түрде зертханалық тексеруден өткізіп тұру қажеттігін мәлімдеді. Тұтынушылар үшін өнімнің нақты қай жерде өндірілгенін білу аса маңызды.
«Тауарлардың цифрлық картасының маңызы өте зор. Біз қазір өнімнің қайдан келіп, қайда жөнелтілетінін нақты қадағалауға мүмкіндік беретін Ұлттық каталогты жетілдіріп жатырмыз. Бұл көлеңкелі экономиканы азайтып, тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз етеді», – деді сауда министрі Арман Шаққалиев.
Кеңес қорытындысында құрамдағы өзгеріс те бекітілді. Ғалым Құсайынов кеңес мүшелігінен өз еркімен шығып, оның орнына Дана Қасымова қабылданды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







