Президент Тоқаев банктерден мемлекеттен алған қаржылай көмекті мерзімінен бұрын қайтаруды талап еткеннен кейін Банк ЦентрКредит (БЦК) бұл бағыттағы мүмкіндіктерді қарастырып жатқанын мәлімдеді, — деп жазады Ertenmedia Interfax-ке сілтеп.
Банк былтыр желтоқсан айында қарызының бір бөлігін (20 млрд теңге) өтеген. Осылайша, бастапқы 60 млрд теңге қарыздың қазір 40 млрд теңгесі қалған.
Президенттің айтуынша, 2017–2020 жылдар аралығында Jusan Bank, Еуразиялық банк, Halyk Bank, Nurbank және Банк ЦентрКредит секілді бірқатар қаржы ұйымдары Ұлттық қордан 15 жылға есептелген ауқымды көмек алды.
Мемлекет басшысы кейбір банктердің барлық шығындарын жауып алғанын, бірақ сол қаражатты әлі де қайтармай, керісінше, оны тәуекелсіз мемлекеттік құралдарға жоғары пайызбен салып, тұрақты кіріс тауып отырғанын сынға алған еді.
“Банктер Үкіметтің не халықтың қас жауы емес, бірақ әділ серіктестік болуы тиіс. Кезінде сіздерге көмек көрсетілді, енді сіздер де жауапкершілік танытыңыздар”, – деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
БЦК-нің жауабы
Банк ЦентрКредиттің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, былтыр желтоқсан айында банктің мемлекеттен алған 60 млрд теңге қарызының 20 млрд-ы қайтарылған. Ал қалған 40 млрд теңгені мерзімінен бұрын жабу үшін қосымша мүмкіндіктер қарастырылуда.
Қаржы нарығын бақылайтын мамандардың айтуынша, аталған қайта есеп айырысу бюджет шығындарын азайтып, экономикада әділдік орнату үшін маңызды қадам болуы мүмкін. Жақын күндері Үкімет пен Ұлттық банк Президенттің тапсырмасын орындау шараларын нақтылап, банктермен тиісті келіссөздер жүргізеді деп күтілуде.
Еске сала кетейік, Тоқаевтың айтуынша, банктерге мемлекет ұсынған көмек уақытша қолдау шарасы болған, ал қазір олар нарықта қалыптасып, шығындарын жапқаннан кейін мемлекетке тиесілі қаражатты кері қайтаруға тиіс.