Қазақстанда салық органдарының блогерлерге көзі түскелі біраз болды. Десе де блогерлер сән-салтанаты келіскен өмірін көрсетуден танбайды. Бұл жолы танымал блогерлердің тойындағы торт қызу талқыға түсті, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Қазақстандық танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың тойы желіде қызу талқыланып жатқан тақырыпқа айналды. Даудың басы той емес, торттан шығып отыр. Себебі қонақтардың бірінің айтуынша, тойда құны 40 миллион теңге тұратын торт болған.
Контенті миллиондаған қаралым жинайтын танымал блогерлер 12 жыл отасқаннан кейін той жасап отыр. Тойда танымал өнер жұлдыздары Қайрат Нұртас, Мот, Тұрар Ыдырыс, Amre, т.с.с. төбе көрсетті.
Бәрінен бұрын бірнеше қабатты торт төңірегінде сын пікір көп.
«Бұл — енді шектен шығу. Оның орнына мұқтаждарға көмектесуге болар еді«, «Одан да пәтерге ақша құйған дұрыс болар еді!«, «Бәрі пафос үшін. Мұқтаждар үшін бірдеңе жасау қиын ба?» — деді желідегілер.
Блогер Біржан Әшім де жағдайға пікір білдірді.
«Кадрдағы адамдарға қарсы ештеңе демеймін, бірақ мұндай видеолардан кейін бізді салық органдары тексереді», – деп жазды ол.
Алайда торттың нақты құны белгісіз.
Айта кетейік, жуырда қаржы вице-министрі Ержан Біржанов хабарлама алғаннан кейін Қазақстанда 50-ден аса блогер салық төлегенін мәлімдеді.