ҚМДБ Түркістан облысындағы мешітте болған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz
ҚМДБ мәліметінше, мешіт имамына бұл оқиғадан кейін ескерту жасалған.
«Мешіт – құлшылық үйі, жамағат жиналатын рухани орда, қасиетті мекен, тәрбие орны. Құлшылық үйіне келген адам мешіт әдебін сақтауы тиіс. Бұл – мұсылманның көркем мінезінің бірі.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы мешітте болған оқиға әлеуметтік желілерде тарап, қоғамның түрлі пікір қайшылығын тудырды. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті орында қоғам наразылығын тудырған әрекетке жол бергені үшін мешіт имамына ескерту жасады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі барша мұсылман жамағатын құлшылық үйлерінде дауыс көтеріп сөйлемеуге, әдепсіз әрекеттерге жол бермеуге, ұрыс-керіс жасамауға шақырады. Жамағатты барынша мешіт әдебін сақтауға үндейміз», — деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы Сарыағаш медресесінің бас ұстазы Әбдужаппар Смановтың әрекеті әлеуметтік желідегі жұртшылықтың ашуына тиген болатын.
Журналист Ораз Әлімбек Facebook парақшасында медресенің бас ұстазының ерсі қылығы туралы жазған еді. Видеода бас ұстаз аяғын балаларға уқалатып қойғаны көрінеді.