Қазақстандағы тұңғыш ұшқыш әйел Тоты Әмірова Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Оның сөзінше, халықаралық ережеге сәйкес тергеу комиссиясының жұмысы кезінде тек осы комиссияның мүшелері ресми қорытынды бере алады. Өйткені тек комиссия мүшелерінде толық әрі сенімді ақпарат бар. Сондықтан Тоты Әмірова әуе апатының себебіне қатысты емес, жалпы сұрақтарға бере алатынын жеткізді.
«Тергеу комиссиясына тек ұшақ өндіруші ел Бразилия емес, ресми түрде қозғалтқыш өндіруші — GE (АҚШ) өкілдері кіруі мүмкін, өйткені кейбір елдер қозғалтқыштарға құс түсіп кетті деген нұсқаны алға тартып отыр», — деп жазды ол әлеуметтік желіде 3 күн бұрын.
Сондай-ақ, ол қазіргі дамыған заманда қара жәшіктегі ақпарат бірнеше жерде сақталуы мүмкін екенін де айтты.
«Көптеген азамат комиссия әуе апатының нақты себебін жасыра ма деп алаңдайды, бірақ ештеңені жасыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Осы бірнеше жылда технология айтарлықтай дамыды және қазіргі заманғы ұшақтарда «қара жәшіктен» алынған ақпарат серверлерде да сақталады, ал кейбір әуекомпанияларда «қара жәшіктерден» онлайн жазба жүргізіледі, сондықтан оларды жоюы екіталай. Диспетчер мен ұшқыштар арасындағы келіссөздер жазбаларын тіпті нақты уақыт режимінде тыңдауға болады және электрон нұсқада жазылады. Әуре-сарсаңға салуға да негіз жоқ, өйткені заңды мерзімдерді сақтау керек», — дейді сарапшы.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.