Құран сүресін рэп етіп оқып, желіде қызу талқыға түскен блогердің әрекетіне ҚМДБ баға берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Отандық блогердің Құран аяттарын, нақты айтқанда «Мағун» сүресін әлдебір мерекелік кеште оқыған видеосы жарияланды. Контентті ұсынушылар «Блогер мас күйінде Құранды рэп қылып оқып, жұртты шошытты» деп жазды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай шектен шыққан әрекеттерге алаңдаушылық білдіреді және олардың ісін қатаң айыптайды, сонымен қатар азаматтарды бүлікшілердің арандатуына алданып қалмауға үндейді», — деп жазылған хабарламада.
ҚМДБ Құран Кәрімді келемеждеу, оны мазаққа айналдыруды қасиетті кітапқа құрметсіздік деп есептейтіндерін мәлімдеді.
«Бұл жерде Құран Кәрім де, оған қатысты әдептер де аяқасты етілген. Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі, адамзатқа жіберілген ұлы мұғжизасы әрі мұсылман үмбеті үшін қасиетті кітап. Сондықтан Құранды дәретпен, ықыласпен, қырағатпен оқу керек», — деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, жуырда әлеуметтік желіде Juzzefina лақапатымен танымал блогердің тойда Құран аяттарын оқығаны қызу талқыға түскен еді.
Кейінірек ол халықтан кешірім сұрап, видео жариялады.