АЭС құрылысы бойынша 6 қазанда өткен референдумның exit poll мәліметтері белгілі болды, – деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында «Социс-А» институтының талдаушысы Әлібек Тәжібаев exit-poll нәтижесін жариялады.
«СОЦИС-А» «Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» ЖҚ жүргізген exit poll нәтижелері бойынша сауалнамаға қатысқандардың 69,8%-ы Қазақстанда АЭС салуды қолдады және азаматтардың 30,2%-ы қарсы шықты.
Amanat партиясының Қоғамдық саясат институтының жүргізген exit poll қорытындысы бойынша азаматтардың 72,3%-ы АЭС салуға келісім берген, 27,7%-ы қолдамаған.
Кеше Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтті.
Референдум 6 қазанда сайлау учаскелерінде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті. Бұл ретте 80-нен аса учаске өз жұмысын 06:00-де бастады. Республика бойынша дауыс беруге арналған 10 000-нан аса учаске құрылды. Шетелде Сеул мен Токиода учаскелер бірінші ашылды.
Жергілікті атқарушы органдар республика бойынша дауыс берушілердің тізіміне 12 миллион 244 мың 683 азаматты енгізді.