Қазақстандықтар қаржысын депозитке салғаннан гөрі қолма-қол ұстауға көбірек бет бұра бастағаны байқалады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық банктің тапсырысы бойынша FusionLab компаниясы жүргізген зерттеу осы үрдісті анық көрсетіп отыр. Тамыз айындағы нәтижеге қарағанда, банк салымшыларының үлесі бір ай ішінде 65,8 пайыздан 63,5 пайызға дейін төмендеген. Ал ақшасын қолма-қол сақтайтындар үлесі 30,8 пайыздан 37,2 пайызға дейін өскен.
Сауалнамаға қатысқан азаматтардың басым бөлігі, нақтырақ айтқанда 67,2 пайызы, ешқандай жинағы жоқ екенін айтқан. Жинақ ұстайтындардың ішінде қаржысын теңгемен сақтайтындар өте көп. Олардың үлесі 92,5 пайызға жетеді. Кейбірі долларды таңдайды, мұндай жауап бергендер 29,2 пайыз. Ал рубльмен жинақ ұстайтындар 8,1 пайыз шамасында. Сонымен қатар респонденттердің 19 пайызы ақшасын жылжымайтын мүлікке салатынын айтса, 6,4 пайызы құнды қағазға инвестиция құятынын жеткізген.
Отбасы табысына қатысты мәлімет те халықтың қазіргі қаржылық жағдайын аңғартады. Зерттеуге сай, үй шаруашылықтарының 31,9 пайызы айына 150 мыңнан 300 мың теңгеге дейін табыс табады. Әрбір бесінші отбасының табысы 300 мыңнан 500 мың теңге аралығында. Ал айына 500 мың теңгеден жоғары табыс табатындар шамамен 10 пайыз ғана.
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов депозит азайып, қолма-қол ақша көлемінің өсуін дүрбелең белгісі деп санамайды. Оның пікірінше, мұның астарында күнделікті тұрмыстық есеп жатыр. Қазіргі жағдайда көптеген отбасының табысы шектеулі, ал шығыны керісінше жоғары. Осындай кезде адамдар ұзақ мерзімді жоспардан гөрі қысқа мерзімді қауіпсіздікке көбірек мән береді. Баға үздіксіз өсіп тұрған тұста, оған қоса декларация мен тексеріс туралы әңгіме жиілегенде, жұрт үшін банк шотынан гөрі қолдағы ақша сенімділеу көрінуі мүмкін.
Сарапшының ойынша, инфляция баяулап, депозиттен түсетін нақты табыс тартымды бола бастағанда, халық ақшасын қайтадан банкке сала бастайды. Қазірше қолма-қол ақша қысқа мерзімді қор сақтаудың құралына айналып тұр. Оның үстіне шағын бизнестің бір бөлігі жаңа Салық кодексін толық түсінбей, есеп айырысуды қолма-қол форматқа көбірек ауыстырған. Мұндай құбылыс ұзаққа созылса, экономика үшін салдары ауыр болуы ықтимал.
Себебі қолма-қол қаражаттың көбеюі қаржы жүйесіне қосымша салмақ түсіреді. Банк қоржыны әлсіресе, несиенің құны қымбаттайды. Ақша айналымының бір бөлігі көлеңкелі секторға кетуі де мүмкін. Рысмамбетовтің айтуынша, халық инфляциядан ұтылып жатқанын көріп отыр, соған қарамастан қолма-қол ақшаның тәуекелін мойнына алуға дайын.
Осындай үрдіс ұлттық валютаға да қысым түсіруі мүмкін. Себебі банк жүйесінен тыс жатқан ақшаны доллар мен басқа валютаға ауыстыру әлдеқайда оңай. Егер қолма-қол ақшаға қызығушылық бір-екі жылға созылса, банктердің қаржылық базасы жұқарып, соның салдарынан экономикаға несие беру мүмкіндігі де тарылуы ықтимал.
Контекст
Сонда халықтың 92,5 пайызы неге қаржысын теңгемен ұстап отыр деген сұрақ туындайды. Сарапшы мұның екі негізгі себебін айтады. Алдымен, күнделікті шығынның бәрі теңгемен жасалады. Сондықтан ақшаны ұлттық валютада сақтау ыңғайлы әрі қосымша айырбас шығынын қажет етпейді. Екінші себеп, теңгелік жинақтың пайыздық кірісі жоғарырақ. Доллардағы жинақ көбіне банкке салынбай, қолда сақталады.
Рысмамбетовтің сөзінше, елде дедолларизация бағыты жүргенімен, банк жүйесінен тыс, қолда сақталып отырған доллардың нақты көлемі белгісіз. Оның бір бөлігі көлеңкелі айналымда жүруі де ғажап емес. Сондықтан қалыптасқан трендті өзгерту үшін халыққа банктегі теңгені қолма-қол ақшадан әлдеқайда ыңғайлы және тиімді ететін тетік керек.
Сарапшы осы үшін банктер мен реттеуші орган бірлесіп, 3-6 айлық қысқа мерзімді цифрлық депозиттер секілді қарапайым әрі түсінікті құралдарды көбейтуі қажет деп санайды. Ашық әрі заңды жолмен ақшаны қайта айналымға енгізуге мүмкіндік беретін механизмдер көбеймейінше, халықтың қолма-қол ақшаға әуестігі әлсіремеуі мүмкін. Оның ойынша, ең маңыздысы – азаматқа депозиттен басқа да қысқа мерзімді, түсінікті, қолжетімді қаржы құралын ұсыну. Сонда ғана ақша қайтадан ресми қаржы жүйесіне бет бұрады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







