Баянауылда Vizit Bayanaul «Сарыарқа сыры» заманауи визит-орталығы ашылып, курорттық аймақтың туристік инфрақұрылымы жаңа нысанмен толықты. Жоба өңірдің табиғи, тарихи және мәдени мұрасын заманауи технология арқылы таныстыруға бағытталған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Баянауыл Қазақстандағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту нәтижесінде биыл курорттық аймақ бір маусымда 300 мыңға дейін турист қабылдай алады. Жаңа визит-орталық осы бағыттағы негізгі жобаның бірі саналады.
Нысанның салтанатты ашылуына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты. Өңір басшысы туризмді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, Баянауылдың табиғи әлеуетін толық ашу үшін инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.
– Бүгін біз жай ғана визит-орталықты емес, тарих, мәдениет пен рухани мұраны заманауи технологиямен ұштастыратын кеңістікті ашып отырмыз. Бұл өңірдің болашағына салынған инвестиция. Біздің мақсатымыз – Баянауылды қайта-қайта келгің келетін мекенге айналдыру, – деді Асайын Байханов.

Жаңа орталық Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне келген туристер үшін негізгі ақпараттық және навигациялық нүкте болады. Мұнда саяхатшылар туристік бағыттар, табиғи көрікті жерлер, киелі нысандар және өңірдің мәдени мұрасы туралы толық мәлімет ала алады. Орталық келушінің сапарын алдын ала жоспарлап, қауіпсіз әрі мазмұнды демалыс ұйымдастыруына мүмкіндік береді.
Кешеннің жалпы аумағы 740 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта туристік бағыттардың цифрлық картасы орналасқан интерактивті аймақ, музей кеңістігі, конференц-зал және коворкинг қарастырылған. Сонымен қатар трансформер-кітапхана, кофехана, ана мен бала бөлмесі және жайлы демалыс орны бар.
Визит-орталықтың негізгі ерекшелігінің бірі – жасанды интеллект пен мультимедиялық технологияны пайдалану. Интерактивті жүйелер арқылы келушілер Баянауылдың табиғатымен, тарихымен және рухани қазынасымен заманауи форматта танысады. Цифрлық шешімдер туристік ақпаратты түсінікті әрі тартымды түрде ұсынуға жол ашады.
Жаңа нысан Баянауылдағы туристік экожүйенің маңызды буынына айналмақ. Ол келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, өңірге келген туристің уақытын тиімді жоспарлауына көмектеседі. Жоба жергілікті кәсіпкерлік пен сервистік қызметтің дамуына да серпін беруге тиіс.

Жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан бірқатар азамат Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында «Еуразиялық топ» серіктестігінің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі менеджері Балым Гаязова мен YouthArt қалалық даму қорының құрылтайшысы Кристина Бекмурзаева бар. Сондай-ақ «СМУ-Астана LTD» серіктестігінің директоры Еркін Қапаровтың еңбегі атап өтілді.
300 мың туристке дайын мекен
Осы күні белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың «Көне Көктау оттары» атты кітабының тұсаукесері өтті. Автор туризм саласының үздігі, «Елім-ай» сыйлығының лауреаты және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы саналады. Жаңа еңбек өңірдің тарихи жадын жаңғыртып, бұрын көпшілікке кеңінен таныс болмаған деректерді қамтиды.
Алтынбек Құрманов 25 жылдан астам уақыт бойы архив құжатын зерттеп, тарихи-мәдени ескерткіштерді зерделеп келеді. Ол көнекөз қариялардың естелігін жинап, Баянауылға қатысты аңыз бен ауызша тарихты қағазға түсірген. Өлкетанушы қасиетті Қоңыр әулие үңгірінің ұзақ жылғы шырақшысы ретінде туристерге өңірдің рухани мұрасын таныстырып жүр.
«Көне Көктау оттары» бес бөлімнен тұрады. Кітапта Баянауыл тарихымен қатар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан және Ермұхан Бекмаханов мұрасына қатысты бірегей материал берілген. Еңбек өлкетану саласындағы көп жылғы ізденістің қорытындысына айналды.
Тұсаукесер барысында «Алтын домбыра» сыйлығының иегері, айтыскер Аспанбек Шұғатаев арнау айтты. Іс-шараға Сайлау Байбосын, Қайыржан Ахметов, Болат Аманбаев, Серік Елікбай, Асыл Әбіш және Бейбіт Бөжен секілді өлкетанушы, жазушы және қоғам қайраткері қатысты. Қонақтар кітаптың тарихи-танымдық маңызына тоқталды.

Жұмыс сапары кезінде Асайын Байханов Баянауылдың кіреберісіне орнатылған жаңа стеламен де танысты. Биіктігі 30 метр болатын сәулеттік нысанда салт атты бейнесі, ұлттық ою-өрнек және қазақ үйінің кереге элементтері қолданылған. Оның жанында табиғи тастан жасалған Bayanaul жазуы орналастырылды.
Стела маңындағы аумақ толық абаттандырылды. Мұнда кіреберіс жол мен жаяу жүргіншілер жолы салынып, көгалдандыру жұмысы жүргізілді. Жаңа сәулеттік композиция Баянауылға келген қонақты қарсы алатын заманауи нышанға айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







