Respublica партиясы Құрылтай сайлауынан кейін мәлімдеме жасап, дауыс беру ашық, әділ және заң талаптарына сай өтті деп бағалады. Партия көшбасшысы exit poll-дың алғашқы нәтижесін күткен көрсеткіш ретінде қабылдап, ресми қорытынды қандай болса да халық таңдауына құрметпен қарайтынын айтты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Партия өкілдері Қазақстанда алғаш рет өткен Құрылтай сайлауын елдің саяси тарихындағы жаңа кезеңнің басталуы деп бағалады. Мәлімдемеде биыл қабылданған жаңа Конституция мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформаларға қолдау білдірілді.
Respublica өкілдерінің айтуынша, партия осы реформаларды қолдап, елдегі саяси жаңғыру үдерісіне белсенді қатысып келеді. Құрылтай сайлауы да сол өзгерістердің жалғасы ретінде қарастырылып отыр.
Партия ең алдымен сайлауға қатысып, өз таңдауын жасаған азаматтарға алғыс білдірді. Respublica-ға дауыс берген сайлаушыларға ерекше ризашылық айтылып, өзге партияларды таңдаған азаматтардың шешіміне де құрметпен қарайтыны атап өтілді.
Партия өкілдерінің пікірінше, елдік мәселеде әр азаматтың дауысы маңызды. Сондықтан саяси бәсекенің қорытындысы қандай болғанына қарамастан, сайлаушылардың еркін таңдауын қабылдау демократиялық мәдениеттің негізгі қағидаларының бірі саналады.
Сайлауалды кезеңде Respublica командасы Қазақстанның барлық өңірін аралап, тұрғындармен кездескен. Партия өкілдері азаматтардың ұсынысын, күнделікті мәселесін және елдің болашағына қатысты көзқарасын тікелей тыңдағанын айтты.
Олардың бағалауынша, осы кездесулер қоғамда жаңаруға, өзгеріске және даму қарқынын күшейтуге деген сұраныс бар екенін көрсетті.
«Сайлау ашық, әділ және заң талаптарына сай өтті деп есептейміз. Дауыс беру аяқталып, exit poll-дың алғашқы нәтижелері жарияланды. Бұл – біз күткен нәтиже», – делінген партия мәлімдемесінде.
Respublica азаматтардың сайлауға белсенді қатысып, өзінің конституциялық құқығын пайдаланғанын атап өтті. Партия өкілдерінің пікірінше, бүгінгі дауыс беру тек жаңа депутаттарды таңдау рәсімімен шектелмей, Қазақстанның жаңа саяси кезеңіне жол ашқан оқиға болды.
Мәлімдемеде Құрылтай сайлауы тәуелсіздік жылдарындағы тарихи маңызы жоғары саяси науқан ретінде бағаланды. Партия жаңа өкілді органның құрылуы елдегі саяси жаңғыруды жалғастыруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Сонымен бірге Respublica ресми қорытынды әлі жарияланбағанын еске салды. Партия халық қандай шешім қабылдаса да, сол таңдауды мойындап, құрметпен қарайтынын мәлімдеді.
«Respublica үшін елге қызмет ету, халықтың сөзін сөйлеп, нақты өзгерістерге жұмыс істеу жалғаса береді», – делінген үндеуде.
Партия өкілдері алдағы кезеңде де сайлауалды науқан кезінде тұрғындар көтерген мәселелермен жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді. Олардың айтуынша, саяси науқан аяқталғанымен, қоғаммен байланыс пен ұсыныстарды іске асыру жұмысы жалғасуы тиіс.
Respublica мәлімдемесін бірлік пен ортақ мақсатқа шақырған үндеумен аяқтады. Партия елдің болашағын қалыптастыруға әр азаматтың қатысуы маңызды екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







