Құрылтай сайлауы жақындаған сайын ақпараттық кеңістікте фейк, дипфейк және манипуляциялық материалдардың таралуы күшейген. JAQ.OrtCom мәліметінше, сайлау науқаны кезеңінде 200-ден астам анонимді және деструктивті аккаунт арқылы таралған шамамен 15 сериялы ақпараттық материал тіркелді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Орталық мамандары мұндай ақпараттық науқандардың белгілі бір алгоритммен ұйымдастырылатынын атап өтті. Алдымен қоғамда эмоциялық реакция тудыратын жалған немесе бұрмаланған ақпарат пайда болады. Кейін ол анонимді Telegram-арналар мен әлеуметтік желілерге таратылып, бот-аккаунттар арқылы бір мезетте кең көлемде жарияланады.
Бір мәтіннің ондаған парақшада ұқсас визуалмен және бірдей тезиспен қатар шығуы ақпараттың шынайылығын білдірмейді. Керісінше, JAQ.OrtCom мұндай синхронды белсенділікті ұйымдастырылған ақпараттық ықпалдың белгісі ретінде бағалайды. Жекелеген жағдайларда материалдарды сырттан үйлестіру белгілері де байқалған.
Ақпараттық шабуылдардың негізгі нысанасына сайлау процесі, сыртқы саясат және әлеуметтік-экономикалық мәселелер алынған. Мұндай тақырыптар қоғам үшін сезімтал болғандықтан, жалған ақпараттың эмоциялық әсері де жоғары болуы мүмкін.
Жасанды интеллект технологиялары дезинформацияның жаңа құралдарының біріне айналып отыр. Танымал қазақстандық және шетелдік тұлғалардың, мемлекеттік орган басшыларының бейнесі мен дауысы қолданылып, шынайы көрінетін жалған аудио, фото және видео дайындалады. Кей жағдайларда құжаттар да қолдан жасалған.
Орталықтың бағалауынша, мұндай науқандар мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретуге, қоғамда алаңдаушылық туғызуға және қалыпты саяси пікірталасты өзара айыптау мен текетіреске бұруға бағытталуы мүмкін.
Фейктерді бейтараптандыру және ақпараттық сауаттылықты арттыру мақсатында 44 материал жарияланған. Олардың арасында түсіндіру бейнероликтері, нұсқаулықтар, постерлер және сайлау төңірегіндегі қайталанатын мифтерді жоққа шығаратын материалдар бар.
JAQ.OrtCom азаматтарды әсіресе анонимді дереккөзден тараған эмоциялық мәліметке сақтықпен қарауға шақырды. Ақпараттың бастапқы көзін анықтап, оны ресми мәліметпен және кәсіби БАҚ жарияланымдарымен салыстыру маңызды.
Ақпараттық шабуылдың тиімділігі көп жағдайда қолданушының әрекетіне тәуелді. Тексерілмеген мәліметті бөліспеу, күмәнді видеоны қайта таратпау және бастапқы дереккөзді іздеу дезинформацияның таралу тізбегін үзуге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







