Сайлау күні тұрғылықты жерінен тыс елді мекенде болатын азаматтар есептен шығару куәлігі арқылы дауыс бере алады. Құжатты тіркелген жеріндегі учаскелік сайлау комиссиясынан 7-22 тамыз аралығында алу қажет, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов сайлаушыларға есептен шығару куәлігін беру тәртібін түсіндірді. Аталған құжат азаматқа сайлау күні өзі болатын елді мекендегі учаскеде дауыс беруге мүмкіндік береді.
Есептен шығару куәлігі дауыс беру күніне 15 күн қалғанда беріле бастайды. Құжатты сайлаудың алдындағы күні сағат 18:00-ге дейін рәсімдеуге болады.
Азаматтар куәлікті тұрғылықты жері бойынша тіркелген учаскелік сайлау комиссиясынан 7 тамыздан бастап 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін алуға құқылы.
Құжат сайлаушының жазбаша өтініші негізінде беріледі. Өтініш берген кезде жеке басты куәландыратын құжатты көрсету қажет. Комиссия мүшелері сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қояды.
Есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегіндегі өзге сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін азаматтарға берілмейді. Жоғалған куәлік қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы жасалмайды, — деді Азамат Айманакумов.
Демек, аталған мүмкіндік сайлау күні басқа қалада, ауданда немесе өзге елді мекенде болатын азаматтарға арналған. Бір қала ішіндегі басқа учаскеге ауысу үшін есептен шығару куәлігін пайдалану қарастырылмаған.
Құжатты сайлаушының өзі ғана емес, оның сенім білдірген өкілі де ала алады. Ол үшін жазбаша сенімхат ұсынылуы қажет. Сенімхатты нотариус арқылы куәландыру талап етілмейді.
Есептен шығару куәлігін алған азамат сайлау күні өзі орналасқан елді мекендегі учаскеге барып, құжатты комиссияға тапсырады. Осыдан кейін ол сол учаскедегі сайлаушылар тізіміне енгізіліп, дауыс беруге қатыса алады.
ОСК сайлаушыларға құжатты соңғы күнге қалдырмай, алдын ала рәсімдеуге кеңес береді. Куәлік жоғалған жағдайда қайта берілмейтіндіктен, оны сайлау күніне дейін мұқият сақтау қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







