Семей қаласындағы Водный кентінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 600 орындық жаңа мектеп ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа оқу жылында пайдалануға берілген білім ордасының құрылысы электр қуатының тапшылығына байланысты біраз уақытқа созылған еді. Кейін нысан мәселесіне облыс әкімі Берік Уәли назар аударып, қажетті жұмыс жеделдетілді. Соның нәтижесінде мектеп қысқа мерзімде халық игілігіне берілді.
Білім ордасы қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. Ғимаратқа электр және байланыс желісі тартылып, су құбыры, кәріз жүйесі және жылумен жабдықтауға арналған жеке қазандық орнатылды.
Электр қуаты мәселесін шешу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Қуаттылығы 10 000 кВ болатын үш фазалы 2 жаңа трансформатор қойылып, қосымша 10 кВ кернеулі 5 шақырым кабель төселді.
Осы жұмыстың арқасында Водный кентіндегі жаңа мектеппен қатар Шығыс кентінде салынып жатқан 300 орындық мектеп те электр қуатымен толық қамтамасыз етіледі.
Жаңа трансформаторлардың орнатылуы тек мектептер үшін ғана емес, екі кент тұрғындары үшін де маңызды. Енді 44 мыңға жуық тұрғыны бар Шығыс және Водный кенттерін электр қуатымен үздіксіз қамтуға мүмкіндік артады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







