Шерзат Болаттың әкесі 15 тәулікке қамалды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау нәтижелері бойынша мынадай шешім шығарған:
«Азамат С.Нұрымоваға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Азаматтығы жоқ адам ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) Б.Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейіннен ҚР шегінен шығарылған.
Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін азамат Қ.Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», — деп жазылған сот мәліметінде.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал кеше жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.