Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Талғардағы трагедия шеңберінде белсенді «ботоферманың» жұмыс істегені жайлы ақпарат расталмағанын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
Үкіметтің көшпелі брифингі кезінде министр Мәдиевке журналистер сұрақ қойған. Таяуда кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы (ЦАРКА) «Қазақстандағы ботоферма белсенділігінің қалыптан тыс өскенін» хабарлаған еді. TikTok-та «дүрбелең туғызуға бағытталған боттардың үйлестірілген жұмысы пайда болғаны» айтылған.
Мәдиев бұл мәселені Tik Tok компаниясының аймақтық директорымен талқылағанын айтты.
– ЦАРКА-да соңғы жағдай айтылды. Мен бұл істі Tik Tok өкілімен, аймақтық директормен талқыладым. Олар ботоферма сияқты көрінетін аккаунттар бір-бірімен байланысты емес екенін хабарлады. Олар боттардың үйлестірілген әрекеті болғанын растамайды, — деді ол.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Кейін сот шешімі шығып, ол 15 тәулікке қамалды. Шерзат Болаттың өзге де туыстарына қатысты сот үкімі шықты. Оның ішінде Шерзаттың әпкелері де бар.