Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңірдегі авиация саласын дамыту жұмыстары туралы баяндады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысы авиациялық инфрақұрылымды дамыту Шығыс Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар бағыт екенін атап өтті. Өңірдің табиғи ерекшелігі, шалғай елді мекендері, туристік әлеуеті және көлік қатынасына қатысты сұранысы әуе қатынасын кеңейтуді қажет етеді. Сондықтан жаңа әуежайлар салу өңірдің көлік қолжетімділігін жақсартып қана қоймай, туризм мен жергілікті экономиканың дамуына да серпін бермек.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта Зайсан және Катонқарағай аудандарында әуежай салу жұмыстары жалғасып жатыр. Зайсан әуежайының құрылысы 76 пайызға аяқталған. Нысанның негізгі бөлігі саналатын ұшу-қону жолағы, перрон және рульдеу жолы толық салынып бітті. Қазір ғимараттар, инженерлік инфрақұрылым, автожолдар мен аумақты қоршау жұмыстары жүргізілуде.
Катонқарағай ауданындағы әуежай құрылысының дайындық деңгейі 55 пайызға жетті. Мұнда жасанды ұшу-қону жолағына асфальтбетон жабынының екінші қабатын төсеу, ғимараттар мен инженерлік желілер салу, кіреберіс жолдар және периметрлік қоршау орнату жұмыстары атқарылып жатыр.
Жоспар бойынша Зайсан әуежайының құрылысы осы жазда аяқталуы тиіс. Ал Катонқарағайдағы нысанды күздің басында бітіру көзделген. Қажетті сертификаттау рәсімдерінен кейін екі әуежайды да жыл соңына дейін толық пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Әр әуежайда 57 тұрақты жұмыс орны ашылады. Құрылыс кезеңінде 320 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Бұл жаңа нысандардың тек көлік қатынасына ғана емес, жергілікті еңбек нарығына да әсер ететінін көрсетеді. Әуежайлардың операторлық қызметін «Өскемен әуежайы» АҚ атқарады.
Өңірде әуе бағыттарын қалыптастыру және әуе компанияларын тарту жұмыстары да жүргізіліп келеді. Алғашқы кезеңде Өскемен – Астана – Алматы бағыттары бойынша ішкі рейстерді іске қосу жоспарланған. Кейін халықаралық бағыттарды дамыту мүмкіндігі қарастырылмақ.

Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Шығыс Қазақстанда Өскеменнен Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Түркістан қалаларына субсидияланатын әуе рейстерін ашуға қызығушылық бар. Тиісті өтінімдер Көлік министрлігіне жолданған. Бұл жобалар жүзеге асса, өңірдегі жолаушылар ағыны жылына 700 мыңнан 800 мың адамға дейін артып, туризм саласының дамуына қосымша мүмкіндік береді.
Үкімет отырысында Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік деңгейі жоғары екені және оның ICAO халықаралық стандарттарына сай келетіні де атап өтілді. Қазақстан ұшу қауіпсіздігі мен халықаралық авиациялық талаптарға сәйкестік бойынша әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енген.
Сонымен қатар биыл 11 халықаралық әуе бағытын ашу және қайта жандандыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында Астана – Ұлан-Батыр, Алматы – Токио, Астана – Гуанчжоу, Қостанай – Ташкент, Алматы – Измир және басқа да бағыттар бар.
Өңірдің алыс аудандары жақындай түспек
Өскемен әуежайында да цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Жолаушылар мен багажды тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, цифрлық ақпараттандыру арналары, бейнебақылау және қолжетімділікті бақылау жүйелері, электронды құжат айналымы мен әуе тасымалдарын басқарудың заманауи тетіктері іске қосылып жатыр.
Үкімет отырысында азаматтық авиация саласын кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Соңғы төрт жылда елімізде авиациялық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер саны 72 пайыздан астам өскен. Бұл салада инфрақұрылыммен қатар, кәсіби кадр даярлау ісінің де маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
Шығыс Қазақстан үшін Зайсан мен Катонқарағай әуежайларының құрылысы өңірдің жаңа даму картасындағы маңызды қадам болмақ.
Әсіресе Катонқарағайдың табиғи туристік әлеуеті, Зайсанның шекаралық және көліктік мүмкіндігі ескерілсе, жаңа әуе қақпалары облыстың ішкі байланысын күшейтіп, сырттан келетін туристерге жол ашуы мүмкін. Облыс басшылығы авиация саласын дамыту жұмысын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







