Алматы облысында 439 мектептің 360 мыңнан астам оқушысы «Болашақты бірге отырғызайық» экологиялық акциясына қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шара «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткізіліп келеді. Бұл бастама 2024 жылы қолға алынған. Сол жылы 340 мың, өткен жылы 350 мың ағаш тұқымы себілген. Оның 60 пайыздан астамы өніп шығып, бүгін мектеп аулаларына отырғызылды.
Акцияға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысты. Ол Іле ауданындағы №24 лицей оқушыларымен бірге Шренк шыршасы, қайың, арша, жиде, туя, қарағаш және Сиверс алмасының дәнектерін екті. Ал өңірдің басқа аудандарындағы оқушылар акцияға онлайн форматта қосылды.
Білім ордасының аумағына оқушылар өздері өсіріп, баптаған көшеттерін де отырғызды. Аймақ басшысы мұндай бастама тек көгалдандыру жұмысы емес, жас ұрпақты табиғатқа жанашыр болуға және жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды жоба екенін айтты.

Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, ағаш дәнегін егу мен көшет отырғызу қоршаған ортаға қамқорлықтың нақты үлгісі саналады. Мұндай жұмыс оқушыларды еңбекқорлыққа, ұқыптылыққа және табиғатты аялауға үйретеді.
Шара барысында оқушылар экологиялық бағыттағы ғылыми жобаларын да таныстырды. Бірі күн батареясымен қуатталатын көлік жобасын көрсетсе, енді бірі қалдықты тыңайтқышқа айналдыру әдісін зерттеп жүргенін айтты. Сондай-ақ су үнемдеу, қауіпсіз әрі экологиялық саябақтар мен бекеттер құру туралы жобалар ұсынылды.
Осылайша, Алматы облысындағы мектептерде экологиялық тәрбие нақты іспен ұштасып жатыр. Оқушылар бірнеше жыл бойы өздері өсірген көшеттерін мектеп ауласына отырғызып, білім ордасының айналасын жасыл желекке айналдыруға үлес қосты.
«Болашақты бірге отырғызайық» акциясы өңірде дәстүрлі түрде жалғасады. Оның басты мәні – балаларға табиғатты қорғауды сабақ ретінде ғана емес, күнделікті өмір дағдысы ретінде үйрету.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







