Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы тазалық жұмыстары батырлар рухына тағзым ету және ұлттық құндылықтарды дәріптеу шараларымен жалғасты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қала тұрғындары, еріктілер, оқушылар мен ата-аналар тарихи-мәдени нысандарды тазалап, ескерткіштер маңын абаттандырды. Акция экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, жастарға ел тарихын нақты іс арқылы танытатын тағылымды бастамаға айналды.
Іс-шараның негізгі нысандарының бірі «Даңқ» мемориалы кешені болды. «Жастар ресурстық орталығының» еріктілері 145 мыңнан астам жауынгердің есімі қашалған мәрмәр тақталарды тазалап, «Мәңгілік алау» аумағын ретке келтірді.
Тазалық және абаттандыру жұмыстары Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлы, Сабыр Рахимов және Әлия Молдағұлова ескерткіштерінің маңында да жүргізілді. №12 және №29 мектептердің оқушылары мен ата-аналары ескерткіштерді тазалап, айналасына гүл көшеттерін отырғызды.
М.Горький атындағы №12 мектеп директоры Гүлжан Омарова мұндай шаралар жас ұрпақтың бойында туған тарихқа, ел батырларына деген құрмет пен жанашырлық сезімін қалыптастыратынын айтты. Оның сөзінше, балалар батырлар ерлігін тек оқулықтан оқып қана қоймай, осындай нақты істер арқылы тереңірек сезінеді.

Әлия Молдағұлова ескерткіші аумағындағы жұмысқа қатысқан 8-сынып оқушысы Злата Самигулина қаланы таза ұстау әр азаматтың міндеті екенін жеткізді. Ол Жеңіс күні қарсаңында мектебі есімін иеленген батыр қыздың ескерткішін ретке келтіруді өз парызы деп санайтынын айтты.
Мереке қарсаңында еріктілер мен әлеуметтік қызметкерлер тыл ардагері Галина Муртазинаның үйіне арнайы барып, тұрмыстық жұмыстарға көмектесті. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты орталық директоры Нұржан Төлегенов ардагерлерге қолдау көрсету жұмысы тұрақты жалғасатынын атап өтті.
89 жастағы тыл ардагері жастарға алғыс айтып, бейбіт өмірдің қадірін бағалауға шақырды. Мұндай кездесулер ардагер еңбегін ұлықтап қана қоймай, кейінгі буынға бейбіт күннің бағасын түсіндіреді.
Акция аясындағы тағылымды кездесудің бірі Ы.Алтынсарин атындағы №65 гимназияда өтті. Қаланың Құрметті азаматы, 92 жастағы Өркен Әбдіреев оқушылармен кездесіп, ел болашағы білімді әрі еңбекқор жастардың қолында екенін айтты. Ол жас буынды сапалы білім алып, ел дамуына үлес қосуға шақырды.
Шымкенттегі «Таза Қазақстан» акциясы тазалық жұмысымен ғана шектелген жоқ. Ол батырлар рухына құрмет, ардагерлерге тағзым, жастар тәрбиесі және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы қоғамдық бастамаға айналды. Мұндай шаралар қала мәдениетін күшейтіп, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайта түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







