«Челсидегі» алғашқы ойынын голмен бастаған Дастан Сәтпаев жаңа бас бапкер Хаби Алонсоның назарынан тыс қалмады. Испаниялық маман 17 жастағы қазақ шабуылшысын «ерекше ойыншы» деп атап, оның жылдамдығы мен физикалық қуатына айрықша тоқталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Дастан Сәтпаев «Челсидің» Австралиядағы маусым алдындағы алғашқы ашық кездесуінде «Вестерн Сидней Уондерерске» қарсы негізгі құрамнан шықты. Алтыншы минутта Райан Кавума-Маккуиннің қапталдан берген пасын пайдаланып, айып алаңына кірген қазақстандық футболшы допты қақпаның жоғарғы бұрышына дәл бағыттады.
Сәтпаевтың добы «Челсидің» Хаби Алонсо дәуіріндегі алғашқы голы ретінде тарихқа енді. Лондон клубы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында да осы жайтқа екпін беріп, қазақ футболшысының есімін Қазақстан туымен бірге жариялады.
Матчтан кейін Алонсо жас шабуылшының ойынын жоғары бағалады.
«Дастанды былтыр Алматыдан бері білемін. Оның өзгеше ойыншы екені көрініп тұр. Қарсылас қақпасына үнемі қауіп төндіреді, орталық шабуылшының маңындағы бос кеңістікке қапталдан өте сауатты енеді. Жаңа клубтағы алғашқы тәжірибесі болғанына қарамастан, өзін жақсы көрсетті», – деді «Челсидің» бас бапкері.
Журналистер Сәтпаевтың Англия Премьер-лигасындағы күшті әрі жылдам футболға физикалық тұрғыдан дайындығын да сұраған. Алонсо бұл мәселеде күмән келтірмеді.
«Ол өте қуатты әрі өте жылдам. Дастан сіздерді әлі талай таңғалдырады», – деді испаниялық маман.
Дегенмен Алонсо Сәтпаевтың алдағы маусымдағы тағдырына қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын жеткізді. Бапкер маусым алдындағы тур барысында әр футболшының мүмкіндігін бағалап, негізгі құрамды чемпионат басталар алдында анықтамақ.
Сиднейдегі кездесу «Челсидің» 6:4 есебімен жеңісімен аяқталды. Сәтпаевтан бөлек, Дариу Эссугу мен Джейми Гиттенс бір-бір голдан соқса, Жоау Педру хет-трик жасады. Қазақстандық шабуылшы 63 минут ойнап, орнына Гиттенс шықты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







