Қазақстанда енді табысын ресми растамаса азаматтарға кепілсіз несие беру қиындай түседі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) бұл санаттағы несиелерге талаптарды күшейтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа ереже бойынша, зейнетақы жарналары немесе салықтық есеп арқылы табысын көрсете алмайтын клиенттерге несие беру кезінде банктер жоғары тәуекел коэффициентін қолдануы тиіс.
Әсіресе, ірі көлемдегі займдарға қойылатын талап қатал болмақ.
«Егер несие сомасы 2 000 АЕК-тен асып, артық төлем мөлшері 30%-дан жоғары болса, тәуекел коэффициенті 300%-ға дейін жетеді», – делінген агенттік құжатында.
Бұл жағдайда банктер өз капиталынан көбірек резерв бөліп, қосымша шығынға ұшырайды. Сондықтан қаржы ұйымдары табысын ресми растай алмайтын азаматтарға несие беруді азайтуға немесе мүлдем тоқтатуға мәжбүр болуы мүмкін.
Сарапшылар бұл өзгеріс бейресми табыс алатын немесе табысын құжатпен дәлелдей алмайтын клиенттердің несие алуы қиынға соғатынын болжап отыр.
Айтқандай, Қазақстанда фермерлерге жеңілдетілген несие алу үшін малды міндетті түрде чиптеу талабы қойылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







