Алматыда Қазақстан мен Таиланд арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға арналған бизнес-форум өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараға Таиланд Корольдігі Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткео, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Форум Қазақстан мен Таиланд арасындағы өзара байланысты кеңейтуге бағытталды. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен әріптестікті күшейту Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатындағы маңызды бағыттардың бірі саналады.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерімен, соның ішінде Азия елдерімен байланысты нығайтудың маңызын бірнеше рет атап өткенін айтты.
«Бүгінде біздің алдымызда сауда қатынастарын дамыту ғана емес, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, технология алмасуға және озық халықаралық тәжірибені тартуға қолайлы жағдай жасау міндеті тұр», деді қала әкімі.
Дархан Сатыбалды форум қатысушыларына Алматының экономикалық әлеуетін таныстырды. Оның айтуынша, Таиланд компанияларымен қалалық инфрақұрылым, туризм, цифрлық технология, Smart City, өнеркәсіптік кооперация, логистика және тамақ өнеркәсібі салаларында әріптестікті кеңейтуге мүмкіндік бар.

Қала әкімі Алматы Қазақстанның ең ірі экономикалық орталығы екенін атап өтті. Оның сөзінше, мегаполис шетелдік компаниялар үшін Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығатын маңызды алаң бола алады.
Форум аясында Қазақстан мен Алматының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар екі елдің бизнес өкілдері арасында іскерлік кездесулер өтті.
Іс-шараға девелопмент, цифрлық шешімдер, тамақ өндірісі, логистика және инновация саласында жұмыс істейтін Таиландтың жетекші компанияларының басшылары қатысты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 130 миллион АҚШ долларына жетіп, 7,1 пайызға артқан. Қазір Алматыда тай капиталы қатысатын 24 кәсіпорын тіркелген.
Бизнес-форум екі ел арасындағы жаңа жобаларды талқылауға және іскерлік байланысты нығайтуға арналған тиімді диалог алаңына айналды. Тараптар алдағы уақытта инвестиция, технология және сауда бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







