Талғар ауданындағы №820 сайлау учаскесінде аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ахат Солтанқұлов Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Ақсақал сайлауға қатысуды азаматтық жауапкершілікпен және қазақ даласындағы тарихи басқару дәстүрімен байланыстырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Ахат Солтанқұловтың айтуынша, Құрылтай ұғымының қазақ тарихындағы орны терең. Ежелгі кезеңдерде және Қазақ хандығы тұсында ел үшін маңызды мәселелер Құрылтайларда талқыланып, ортақ шешім қабылданған.
«Ежелгі ата-бабаларымыздың заманында, Қазақ хандығы дәуірінде маңызды шешімдер Құрылтайда қабылданған. Оған ру өкілдері, ел билеген игі жақсылар, батырлар мен билер жиналған. Мұндай басқару үлгісін дала демократиясы деп атауға болады», – деді Ахат Солтанқұлов.
Оның пікірінше, заман мен мемлекеттік институттар өзгергенімен, ел тағдырына жауапкершілікпен қарау қағидасы өзектілігін жоғалтқан жоқ.
«Заман өзгергенімен, ұлттық болмысымыз өзгермейді. Жүздеген жыл бұрынғыдай, бүгін де Қазақстанның болашағы біз үшін маңызды. Сондықтан елдің саяси өміріне белсене араласып, өз таңдауымызды жасап келеміз», – деді ол.
Ақсақал үшін сайлау учаскесіне барып, дауыс беру көп жылдан бері қалыптасқан азаматтық ұстанымның бір бөлігі. Ол жерлестерін де қоғамдық және саяси процестерге бейжай қарамай, өз таңдауын саналы түрде жасауға шақырды.
Ахат Солтанқұлов қоғамдағы тұрақтылықтың негізінде өзара құрмет пен ауызбіршілік жататынын атап өтті. Оның айтуынша, адамдар арасындағы сыйластық, ел ішіндегі тыныштық пен ортақ жауапкершілік қоғамның беріктігіне тікелей әсер етеді.
№820 сайлау учаскесіндегі ақсақалдың таңдауы осылайша бүгінгі дауыс беру рәсімін тарихи сабақтастықпен байланыстырған көрініске айналды. Оның пайымынша, Құрылтай атауы өткеннің символы болып қана қалмай, азаматтардың ел болашағына қатысты шешім қабылдауға қатысу идеясымен де үндеседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







