Кеше Ақтауда Әзербайжан компаниясына тиесілі ұшақ апатқа ұшырады. Қазақстандық тележүргізуші Санди Сұлтан Ақтау маңындағы ұшақ апатынан 11 жастағы ұлымен бірге қаза тапқан астаналық Гауһар Шаймерденова туралы естелігін бөлісті, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Тележүргізушінің сөзінше, олар бірнеше жыл бұрын танысқан.
«Гауһар мағаншешендік өнер курсына 9 жыл бұрын оқуға келді, содан бері доспыз. Өте мейірімді, қамқор, ұқыпты, шынайы, әдемі, жасыл көзді еді. ІӨте мықты, тәуелсіз, еркін, саяхаттауды жақсы көретін», — дейді Санди Сұлтан.
Тележүргізуші Санди Сұлтан марқұм Гауһар Шаймерденованың нотариус болып жұмыс істегенін, ұлдарын жақсы көргенін, сондай-ақ, анасына қамқор болғанын айтты.
«Достарына аса қамқор еді. Біз бәріміз отбасыларымызбен дос едік. Бізге сыйлықтар әкелетін», — дейді ол.
Санди Сұлтан марқұммен құрдас болғанын, биыл Гауһар Шаймерденова 49 жасқа толғанын айтты.
Гауһар Шаймерденова кенже ұлы Эльдармен бірге ұшқан. Ал баланың ұстаздарының айтуынша, марқұм дарынды, мейірімді және еңбекқор бала болған.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақ апатқа ұшырады. Ұшақ Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Бұл ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс те қозғалды.