Жұрт назарын аудару үшін боқтық сөзге, әдепсіз қылыққа, қауіпті пранк пен қорлауға жүгінген стримерлер жазаға тартыла бастады. Ішкі істердің мәліметінше, ел көлемінде заң талабын бұзған жиырмадан астам контент авторы әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ведомство әлемжелідегі бейәдеп контенттің аясы бір адамның парақшасымен шектелмейтінін ескертті. Тікелей эфирді мыңдаған көрермен, соның ішінде жасөспірімдер де тамашалайды. Сондықтан боқтық сөзді еркіндік, ал жұртты қорлауды хайп деп түсіндіру енді жауапкершіліктен құтқармайды.
Шымкент тұрғыны, 48 жастағы Ербол Дүйсенбаев TikTok-тағы тікелей эфир кезінде бейәдеп сөз қолданғаны үшін сот шешімімен он тәулікке қамалды.
Талдықорғандық Гүлмира Қасенова да тікелей эфир үстінде боқтық сөзге ерік берген. Бұған дейін дәл осындай әрекеті үшін жауапқа тартылғаны ескеріліп, сот оған әкімшілік айыппұл салды.
Павлодарда 26 жастағы Аслан Амантаев көлік тізгінінде отырып тікелей эфир жүргізген. Қауіпсіздік белдігін тақпаған ол эфир барысында былапыт сөйлеген. Сот оның әрекетіне 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Түркістанда bayan_kyz, fatima.sh0000 және fatima_s003 лақап аттарымен танылған блогер Баян Шанкеева да жауапқа тартылды. ІІМ дерегінше, ол тікелей эфир кезінде боқтық сөз қолданып, агрессиялық мінез көрсеткен.
Министрлік интернет кеңістігін заңнан тыс аумақ деп қабылдауға болмайтынын аңғартты. Камера қосылған сәтте жауапкершілік жоғалмайды, ал көрілім қуған әрекет қоғамдық тәртіптен аттауға рұқсат бермейді.
Ендігі жерде жұртты қорлап, қауіпті қылықты контентке айналдырғандар хайптың ғана емес, жасаған ісінің де өтеуін көтеруге мәжбүр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







