Астана мен Мәскеудің серіктестігі сырттай мінсіз көрінгенімен, ішкі иірімдері өте күрделі. Экономист Мағбат Спанов қос ел басшысының келіссөзіндегі басты түйткілдерге тоқталып, өзара тиімділік формуласының оңайлықпен табылмайтынын алға тартты деп жазады Ertenmedia.kz.
«Тоқаев пен Путиннің жүздесуінде дипломатиялық этикеттен бөлек, үлкен экономикалық текетірес жатыр. Қазіргі геосаяси жағдайда Астана мен Мәскеудің мүдделері барлық жерде бірдей тоғыса бермейді», — дейді ол.
Сарапшының пайымдауынша, қос мемлекет арасындағы сыйластық, бауырластық туралы ұрандар нақты іске келгенде суық есепке ұласады. Халықаралық санкциялардың қысымы күшейген замана ағымында Ақорда өзінің экономикалық қауіпсіздігін ойлауға мәжбүр.
«Біз Ресейдің стратегиялық серіктесіміз, бірақ екінші деңгейлі санкциялардың астында қалу еліміздің ұлттық мүддесіне мүлдем сай келмейді», — деп атап өтті экономист.
АЭС құрылысы төңірегіндегі мәселе де осы текетірестің нақты көрінісі іспетті. Мағбат Спанов Кремльдің аталған жобаға барынша мүдделі болып отырғанын жасырмайды.
«Мәскеу үшін қазақ топырағында АЭС салу аймақтағы технологиялық әрі энергетикалық ықпалын алдағы жарты ғасырға шегелеп тастаудың амалы», — деді сарапшы. Сонымен бірге, оның пікірінше, қазақ билігі де асығыстық танытпай, көпжақты консорциум құру идеясын бекер алға тартып отырған жоқ.
«Тоқаев энергетикалық тәуелділіктің тұзағына түспеу үшін баламалы нұсқаларды қарастыруға мәжбүр, әзір энергетика таза геосаяси қадамның құралы», — дейді ол.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық та сарапшының сыни көзқарасынан тыс қалмады. Сауда-саттық көлемі артқанымен, ішкі кедергілер мен протекционистік пиғылдардың азаймай отырғанын тілге тиек етті.
«Одақ ішінде ортақ нарық қалыптастыру туралы уәде көп, бірақ іс жүзінде қазақстандық тауар өндірушілер Ресей нарығына шығуда түрлі кедергіге тап болады. Сондықтан интеграцияның пайдасынан бұрын, оның әкелетін тәуекелдерін көбірек есептеу керек», — деді Мағбат Спанов.
Оның пайымынша, алдағы уақытта екі ел арасындағы байланыс экономикалық қажеттілік мен прагматикалық есеп негізінде ғана өрбиді, сіз-біз дескен бос риториканың дәуірі келмеске кетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







