Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам жобасына қатысы бар компаниядан үлес алған. Сенатор Джон Ософф мәмілені жемқорлық деп атап, президент әулетіне ауыр айып тақты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Демократтың айтуынша, Қазақстандағы кен жобасына америкалық салық төлеушінің 1,6 млрд доллары жұмсалуы мүмкін. Ал сол жобадан, ақыр соңы кіші-Дональд пен Эрик Трамп пайда көрмек.
«Өткен қыркүйекте Тоқаев Трампқа қоңырау шалып, вольфрам өндіру құқығын америкалық компанияға бергісі келетінін айтқан. Сол-ақ екен, келесі айда Эрик пен кіші-Дон осы келісімге ұмтылған америкалық компаниядан үлес алды», – дейді ол.
Ософфтың сөзінше, арада алты күн өткен соң Ақорда дәл осы компанияға әлемдегі игерілмеген ең ірі вольфрам қоры берілетінін жариялаған.
«Эрик пен Дон Скайлайн компаниясынан үлес алғасын қазақтар әлгі компанияға әлемдегі ең ірі игерілмеген вольфрам ресурсын бере салды», – деді сенатор. Айтуынша, іле-шала әкесі басқарып отырған Ақ үй Қазақстандағы кен жобасын қаржыландыру үшін салық төлеушілердің 1,6 млрд долларын бөлу туралы шешім шығарған.
«Америкалықтар бензинге, азық-түлікке, медициналық қызметке ақша таппай отыр. Ал мында 1,6 млрд доллар салық төлеушінің ақшасы Қазақстанға бағытталмақ», – деп қынжылды Ософф.
Айта кетелік…
Трамптың ұлдары Скайлайнға кіргесін бірнеше күннен кейін құрылым Cove Capital-мен бірігіп, Kaz Resources атты компания құратынын мәлімдеген. Әңгіме Қарағандыдағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындары туралы болып отыр. Компания жоба үлесінің шамамен 70 пайызын бақылайды делінген.
Вольфрам Ақ үй үшін маңызд металл саналады. Ол қорғаныс, авиация, электроника және өндіріс саласында қолданылады. Вашингтон Бейжіңге тәуелділікті азайту үшін Қазақстандағы кен жобаларына назар аударып отыр. Трамптың ұлдары жобаға араласпайтын алға тартып, өздерін пассив инвестор ретінде көрсетуде. Ал Астана сенатордың айыбына әзірге ресми жауап берген жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







