Маңғыстау облысында Құрылтай сайлауы аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының өңірлік штабы ашық теңізде ерекше үгіт акциясын өткізді. «Толқыннан тайсалма, «Ақ жолмен» алға!» атауымен ұйымдастырылған шарада мемлекеттік және партия туы желбіреген қайық Каспий теңізіне шықты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Акцияны ұйымдастырушылар теңізге шығуды батылдықтың, еркіндіктің және белгіленген мақсатқа сенімнің символы ретінде сипаттады. Партия өкілдерінің айтуынша, Каспийдің кеңдігі елдің экономикалық және қоғамдық мүмкіндіктерін бейнелейді.
Штаб мүшелері осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін әділетті экономика, кәсіпкерлікті дамыту, ұлттық мүддені қорғау, жастарға жаңа мүмкіндік беру және заң үстемдігін қамтамасыз ету қажет деген ұстанымдарын жеткізді.
«Ақ жол» өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын теңіздегі акцияның символикасымен сабақтастырды. Олардың пікірінше, әр жаңа мүмкіндік ел экономикасының дамуына, жеке бастаманың күшеюіне және азаматтардың әл-ауқатының артуына қызмет етуі тиіс.
Партия кәсіпкерлікті экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Штаб мүшелері шағын және орта бизнесті қолдау, әкімшілік қысымды азайту және жеке меншікті қорғау партия бағдарламасындағы маңызды басымдықтардың қатарына кіретінін айтты.
Ұлттық мүдде мәселесі де акция барысында көтерілді. «Ақ жол» өкілдері елдің табиғи ресурстары мен экономикалық әлеуеті азаматтардың игілігіне жұмыс істеуі қажет деген ұстанымдарын таныстырды.
Өзгеше форматта өткен үгіт насихаты
Жастар саясатына қатысты партия жаңа буынға білім алу, жұмысқа орналасу, кәсіп бастау және баспаналы болу мүмкіндігін кеңейту қажеттігін алға тартады. Штаб мүшелерінің пікірінше, жастардың елдегі экономикалық және қоғамдық процестерге белсенді араласуы ұзақмерзімді дамудың негізгі шарттарының бірі.
Акция аясында Маңғыстау облыстық сайлауалды штабының төрағасы Батыржан Қорғанбаев партияның сенімді өкілдеріне ресми куәліктерін табыстады. Штаб өкілдері мұны сайлау науқанының ұйымдастырушылық кезеңіндегі маңызды рәсімдердің бірі ретінде атап өтті.
Теңіздегі акциядан кейін үгіт жұмысы жағалауда жалғасты. «Ақ жол» белсенділері тұрғындармен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасы жазылған ақпараттық парақшаларды таратты.
Кездесулер барысында азаматтарға партияның экономикалық, әлеуметтік және құқықтық бағыттағы бастамалары түсіндірілді. Тұрғындар да сайлауалды бағдарламаға қатысты сауалдарын қойып, өз пікірлерін білдірді.
Маңғыстаудағы акция осылайша дәстүрлі үгіт форматынан өзгеше өтті. Ашық теңіздегі көрініс саяси үндеуге символдық сипат берсе, жағалаудағы кездесулер партия өкілдеріне сайлаушылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
«Ақ жол» штабының өкілдері сайлауалды кезеңде өңір тұрғындарымен кездесулерді жалғастырып, бағдарламалық ұсыныстарын әртүрлі форматта таныстыруды жоспарлап отыр. Партияның Маңғыстаудағы үгіт жұмысының негізгі мақсаты азаматтарды 23 тамыздағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақыру және өз саяси ұстанымдарын түсіндіру болып отыр.
«Ақ жол» ҚДП сайлау қорының қаражатынан төленді. Тапсырыс беруші: А. Т. Қожахметов. Ақпарат өндіруші: «Сұлтан Медаиа» ЖК.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







