Ақтауда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Шымкенттен жұмыс сапарымен келген Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің делегациясын қабылдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуге университет ректорының міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев пен академиялық мәселелер жөніндегі проректор Жанбол Жылбаев қатысты. Сапардың мақсаты – Маңғыстау облысының талапкерлерін жоғары оқу орнына түсу мүмкіндіктерімен таныстыру, мемлекеттік және қосымша гранттар туралы ақпарат беру, кәсіби бағдар жұмысын күшейту.
Жиында білім саласындағы өңіраралық ынтымақтастық, Маңғыстау жастары үшін сапалы жоғары білімге жол ашу, сұранысқа ие мамандықтарға бағыт беру мәселесі сөз болды. Нұрдәулет Қилыбай жастарға сапалы білім беру мен кәсіби дамуына нақты мүмкіндік жасаудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, түлектердің өз өңірінде ғана емес, өзге қалада да білім алып, жаңа ортада тәжірибе жинауы маңызды. Мұндай қадам олардың болашағына жол ашып, еңбек нарығында қажет мамандықты саналы таңдауға көмектеседі.
Ағымдағы оқу жылында мемлекет тарапынан педагогикалық мамандықтарға 13 226 грант бөлінген. Онымен қатар техникалық және IT бағыттарына да басымдық беріліп отыр. Университет өкілдері Маңғыстау түлектерін грант негізінде оқуға түсіп, сұраныс жоғары салалар бойынша білім алуға шақырды.
Жоғары оқу орнының мәліметінше, жыл сайын шамамен 1000 студент мемлекеттік грант иегері атанады. Бұдан бөлек, Шымкент қаласы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры арқылы қосымша 300-ге жуық грант қарастырылған. Биыл Түркиядағы Гази университетінің филиалында оқу үшін тағы 100 грант бөлуге өтінім берілген.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университет елдің оңтүстігіндегі ірі оқу орындарының бірі саналады. Мұнда 58 заманауи зертхана мен виртуалды шеберхана жұмыс істейді. Оқу корпустары тегін Wi-Fi желісімен қамтылған, студенттерге жатақхана орындары қарастырылған. Сондай-ақ 12 үйірме мен волонтерлік бірлестік жұмыс істейді. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Польша, Чехия, Түркия және АҚШ жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік бар.
Осы сапар Маңғыстау жастарының білім алу мүмкіндігін кеңейтуге және өңіраралық байланысты нығайтуға бағытталған нақты қадам ретінде бағаланды. Түсу және грант мәселесі бойынша талапкерлер мен ата-аналар +7 775 722 3098 нөмірі арқылы немесе blazzat69@mail.ru, info@okmpu.kz электрондық поштасы арқылы қосымша ақпарат ала алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







