Түркістан облысының шаруалары алдағы үш жылда су үнемдеу технологияларын енгізуге 90 млрд теңгеге жуық субсидия алады. Бұл туралы Жетісай мен Мақтаарал аудандарының шаруаларымен кездесуде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, биылғы аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауы өңірдегі егіншілікке айтарлықтай қиындық туғызған. Алайда министрлік жедел шара қабылдап, жағдайды тұрақтандыра алды.
– Биыл өңірде су тапшылығы байқалғанымен, уақытылы қабылданған шаралар нәтижесінде шаруаларды сумен қамтамасыз еттік. Министрлік арнайы жұмыс топтарын құрып, суды әділ бөлуге бақылау жүргізді, заңсыз су алуды анықтап, түсіндіру жұмыстарын күшейтті.
Алдағы уақытта мұндай қиындықтарды болдырмас үшін заманауи суару технологияларына көшу маңызды. Сондықтан біз су үнемдеу жүйелерін енгізу бойынша субсидиялау ережелерін жетілдірдік, – деді министр Нұржан Нұржігітов.
Жалпы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер аясында Түркістан облысына су үнемдеу технологияларын енгізуге және суармалы су беру қызметтерін субсидиялауға шамамен 90 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы шаруалардың су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







