Жетісу облысында «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында тұрғын үй қорын басқару саласындағы реформаларға арналған өңірлік форум өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» деп аталған жиынға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, партия өкілдері, депутаттар, тұрғын үй қатынастары саласының мамандары, мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары қатысты.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Жетісу облысы құрылған күннен бастап халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қысқа мерзім ішінде ауыз сумен қамту, газдандыру, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй салу, абаттандыру, цифрландыру және қоғамдық қауіпсіздік бағытында нақты нәтиже бар.
Өңір басшысы «TURGYNDAR AMANATY» жобасы осы жұмысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Себебі тұрғын үй қорын басқару мәселесі тек коммуналдық салаға ғана қатысты емес. Ол тұрғынның күнделікті өмір сапасына, аула тазалығына, үйдің қауіпсіздігіне және ортақ мүлікке деген жауапкершілікке тікелей әсер етеді.
«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каримова форумда жобаның негізгі мақсаты мен міндеттеріне тоқталды. Жоба тұрғын үй басқару жүйесінде ашықтықты күшейтуге, тұрғын мен басқарушы ұйым арасындағы сенімді арттыруға және нақты нәтижеге бағытталған жұмыс тәртібін қалыптастыруға негізделген.

Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовтың мәліметінше, Жетісу облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және абаттандыру кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Қазір өңірде 1715 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 1032-сі кондоминиум нысанына жатады.
Жетісуда тұрғын үй басқару жүйесіне ашықтық енгізілмек
2023-2025 жылдары облыста 284 көпқабатты үй жаңартылды. Оларда күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қасбеттері жаңғыртылды. 2026 жылы тағы 148 үйге жөндеу жасау жоспарланып отыр. Мұндай қарқын тұрғын үй қорын ретке келтіруге және көпқабатты үйлердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда 289 аула абаттандырылып, 233 балалар және спорт алаңы салынды. Биыл тағы 25 аула мен 17 балалар және спорт алаңын жаңарту жоспарланған. Мұндай жұмыстар тұрғындардың бос уақытын қауіпсіз әрі қолайлы ортада өткізуіне жағдай жасайды.
Өңірде тұрғындарды баспанамен қамту да негізгі бағыттың бірі болып отыр. 2023-2025 жылдары 10 833 отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарған. Биыл тағы 3 мыңнан астам отбасын баспанамен қамту көзделіп отыр.
Форумда қауіпсіздік мәселесі де көтерілді. Атап айтқанда, бейнебақылау камераларын орнату, лифтілерді ауыстыру, газдандыру және апатты үйлер мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар сөз болды.
Жетісу облысында тұрғын үй қорын басқару енді тек жөндеу немесе аула абаттандырумен шектелмейді. Негізгі мақсат – тұрғындардың ортақ мүлікке жауапкершілігін арттыру, басқару жүйесін ашық ету және әр үйдің мәселесін нақты шешімге жеткізу. «TURGYNDAR AMANATY» жобасы осы бағыттағы қоғамдық бақылау мен басқару мәдениетін күшейтуге арналған құралға айналмақ.
Жетісу облысында «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында Сиверс алма ағашының гүлдеуіне арналған фестиваль өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







