Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылданғанына 5 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға Түркістан облыстық сотының судьялары, мамандандырылған әкімшілік сот өкілдері, прокуратура және құқық қорғау органдарының мамандары, адвокаттар, жеке сот орындаушылар, өңірлік департаменттер мен басқарма басшылары, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелді Түркістан облыстық сотының төрағасы Асламбек Сұлтанов ашып, әкімшілік әділет институтының құқықтық жүйені жетілдірудегі маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануы мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы құқықтық тепе-теңдікті нығайтуға мүмкіндік берді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысушыларды кодекстің қабылданғанына 5 жыл толуымен құттықтап, заңның азамат құқығын қорғау мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі ашықтықты арттырудағы рөлін атап өтті.
Өңір басшысының сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті Қазақстан құру жолында заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адам құқықтарын қорғауға және мемлекеттік басқарудың ашықтығын күшейтуге ерекше мән беріп келеді. Әкімшілік әділет институтының енгізілуі осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі саналады.
Нұралхан Көшеров Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың нақты тетігін қалыптастырғанын айтты. Әсіресе «тыңдалу құқығы» қағидаты мемлекеттік орган шешім қабылдар алдында азаматтың пікірін ескеруге, уәжін тыңдауға және мәселені жан-жақты қарауға жол ашты.
Әкімшілік әділет жүйесінің алдағы міндеттері
Соңғы бес жылда мемлекеттік басқару жүйесінде оң өзгерістер байқалғаны айтылды. Халық пен мемлекеттік орган арасындағы ашық диалог нығайып, өтініштерді қарау сапасы артты. Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі күшейіп, азаматтардың сот органдарына сенімі өсе түсті.
Маңызды жиында Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев те сөз сөйлеп, әкімшілік әділет жүйесінің құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі орнына назар аударды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова құқықтық білім мен ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелерін қозғады.
Жиын барысында әкімшілік әділет саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды.
Дөңгелек үстелде әкімшілік әділет жүйесінің бес жыл ішіндегі нәтижелері, сот тәжірибесіндегі жаңашылдықтар, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері және алдағы міндеттер кеңінен талқыланды. Қатысушылар әкімшілік соттардың қоғамдағы сенімді арттыру мен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі жыл сайын күшейіп келе жатқанын атап өтті.
Әкімшілік әділеттің басты мәні – азамат пен мемлекет арасындағы қатынаста әділдік өлшемін нақты сақтау. Мемлекеттік орган шешімі адам тағдырына әсер ететін жерде ашықтық, тыңдау, дәлел және жауапкершілік қатар жүруі керек. Түркістандағы жиында осы қағидалардың құқықтық жүйеде орнығып келе жатқаны айтылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







