Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Қаратал ауданына жұмыс сапары кезінде Үштөбе қаласындағы орталық саябақта жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір басшысы бұл саябақтың жай-күйін былтыр халықпен кездесу барысында көріп, оны жөндеуді тапсырған еді. Соған сәйкес қазір парк «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жаңарып жатыр. Үштөбеге арнайы барған облыс әкіміне аудан әкімі Ұлан Досымбеков жобаның бас жоспарын таныстырды.
Жобаға сәйкес саябақта екі кіреберіс қақпа салынады. Мұнда субұрқақ, балалар ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер жолы мен демалысқа қажетті өзге де нысандар қарастырылған. Жөндеу жұмыстарын осы жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарланған.
Бейбіт Исабаев жобаға қатысты бірқатар нақтылау сұрақтарын қойып, сапа мен мерзімге ерекше назар аударды. Оның айтуынша, биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында үш аудандағы орталық саябақтарда суару жүйесін жүргізу, абаттандыру және күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Соның бірі осы Қаратал ауданының орталығындағы саябақ. Облыс әкімі мұндағы басты міндеттің бірі автосуару жүйесін орнату екенін айтты. Өйткені жасыл желек күтімсіз қалмауы керек. Парк ересектерге де, балаларға да жайлы демалыс орнына айналуға тиіс.
Үштөбедегі орталық саябақтың тарихы да терең. Ол 1936 жылы салынған. Соңғы рет 2012 жылы жөндеу көрген. Жалпы аумағы 6,6 гектарды құрайды. Демек әңгіме шағын алаң жөнінде емес, аудан тұрғындары күнде келетін үлкен қоғамдық кеңістік туралы болып отыр.
Қаратал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Фархат Бөлекбаевтың айтуынша, қазір мұнда ескі ағаштарды кесу, бұтақтарды қырқу, жаңа көшет отырғызу және ағаштарды қалыптау жұмыстары жүргізілген. Парк аумағына барлығы 1200 ағаш егілген. Оның 750-і қылқан жапырақты, 450-і жапырақты ағаш.
Қазір тротуарлар салуға арналған өлшеп-белгілеу жұмыстары жүріп жатыр. Ескі амфитеатрға күрделі жөндеу жасалып, оның төменгі бөлігіне фут-корт орналастырылады. Кейін ол қызмет көрсету нысандарын ашу үшін жеке кәсіпкерлерге беріледі.

Саябақтың шығыс бөлігінде субұрқақ бой көтереді, этноауыл ашылады. Ал солтүстік бөлігінде релакс-аймақтар жасалады. Қолданыстағы ойын алаңдары жаңартылып, қосымша скейт-парктер салынады.
Алдағы кезеңде шағын архитектуралық пішіндер орнатылады, гүлзарлар жасалып, гүл егіледі, көгалдандыру мен автоматты суару жүйесі толық іске қосылады. Сонымен бірге саябақ инфрақұрылымын дамыту, тротуар төсеу және аумақты жайластыру жұмыстары жалғасады. Қазір нысанда мердігер компанияның 10 жұмысшысы мен 6 техникасы еңбек етіп жатыр. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 60 адамға дейін көбейту көзделген.
Контекст
Жалпы облыс құрылғаннан бері аудан-қалаларда 14 жаңа саябақ, 6 сквер және 4 аллея салынған. 2022-2025 жылдары 40 саябаққа күрделі жөндеу жүргізілді.
Биыл абаттандыру жұмыстары одан әрі жалғасып, тағы 10 саябақ, 1 сквер және 3 аллея жөнделмек. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста жалпы аумағы 74 гектарды құрайтын үш эко-саябақ құру жоспарланып отыр.
Үштөбедегі орталық саябақтың жаңаруы бір ауданның ішкі шаруасы ғана емес. Бұл Жетісуда қоғамдық кеңістікті жаңғыртуға, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған үлкен жұмыстың бір бөлігі. Саябақ сапалы әрі уақытында аяқталса, ол Қаратал ауданы үшін де, Үштөбе тұрғындары үшін де күнделікті өмірдің ажарын ашатын маңызды орынға айналмақ.
Жетісу облысы қазір бір мезетте бірнеше бағытта өркендетіп келе жатқан өңірдің бірі. Бір жағында шекаралық сауда мен логистика тұрса, екінші жағында аграрлық өндіріс, үшінші жағында туризм мен инфрақұрылым қатар ілгерілеп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдауы осы қозғалыстың нәтижесі жайында айтып берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







