Қазақстанда оқушы орны жетіспейтін өңірлер мен апатты мектептер мәселесін шешу үшін жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландыру тәртібі қатаңдайды. Үкімет енді ақшаны бәріне бірдей үлестірмей, нақты тапшылық бар аймақтарға қарай бағыттамақ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында орта білім саласындағы түйткілдерді шешу үшін сараланған тәсіл енгізілетінін айтты.
Негізгі назар үш ауысыммен оқытатын мектептерге, апатты жағдайда тұрған ғимараттарға және оқушы орны шын мәнінде жетіспейтін өңірлерге аударылады.
Бұған дейін бір топ депутат орта білім жүйесінде дағдарыс қаупі күшейіп келе жатқанын мәлімдеген еді. Олар мемлекеттен өте қымбат тарифпен қаржы алатын элиталық коммерциялық мектептерге қолдауды тоқтатып, қаражатты бала тегін оқитын жекеменшік мектептерге бағыттау қажет екенін айтқан.
Депутаттардың сөзінше, қаржыландыру күрт тоқтаса, 300 мыңнан аса оқушы орынсыз қалуы мүмкін. Әсіресе Шымкент пен Түркістан облысында жағдай күрделене түсуі ықтимал. Мәжілісмендер «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына да толық аудит жүргізуді талап етіп, онда жемқорлық тәуекелі болуы мүмкін екенін ескерткен.
Бектенов? Үкімет сынның бәрімен бірдей келісе қойған жоқ. Кабминнің жауабында тапсырыс беруші функциясын Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамына беру мектеп құрылысының процесін біріздендіруге мүмкіндік бергені айтылды. Яғни архитектуралық шешімнен бастап, жиһаз, цифрлық инфрақұрылым және жабдықтау мәселесіне дейін ортақ стандарт енгізілген.
Үкімет не дейді?
Олжас Бектенов келтірген дерекке қарағанда, қазір елде 881 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Соның 749-ы мемлекеттік тапсырыс алады. Онда 200 мыңнан аса бала оқып жатыр.
Дегенмен бюджет шығынын оңтайландыру үшін Үкімет қатаң шектеуге көшкен. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа ашылған жекеменшік мектептерге мемлекеттік қаржыландыру толық тоқтатылған. Сондай-ақ жанында мемлекеттік мектеп бар, әрі оқушы орны тапшылығы байқалмайтын жерде ашылған оқу орындарына да бюджеттен ақша берілмейді.
Премьер жауабына қарағанда, Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге қымбат жекеменшік мектептерді қаржыландыруға тыйым салу тәртібін әзірлеп жатыр.
Сонымен қатар жекеменшік мектеп құрылтайшылары ғимараттарды санитарлық талап пен қауіпсіздік нормасына сай етуге міндеттеледі. Жыл басынан бері 30 мектептің ғимаратына қатысты нысаналы мақсат түзетілген. Тағы 133 нысан бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Бұдан бөлек…
Үкімет дерегінше, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектеп салынған. Қаржы мониторингі агенттігі жобаға қатысты келісімшарттар мен сметаларды 2024 жылы тексерген. Құрылыс барысы eQurylys цифрлық жүйесі арқылы бақылауға алынған.
Соған қарамастан, 2026 жылы Жоғары аудиторлық палата осы жобаға бөлінген бюджет қаражатының қаншалық тиімді жұмсалғанын тексереді. Премьер-министрдің айтуынша, аудит қорытындысынан кейін Үкімет тиісті шара қабылдайды.
Осылайша мектеп тапшылығы мәселесінде Үкімет жекеменшік сектордан толық бас тартпайды. Бірақ ендігі қолдау бұрынғыдай кең таралмай, нақты қажеттілікке қарай беріледі. Қымбат тарифпен жұмыс істейтін мектептерге бюджет есебінен ақша бөлу тәртібі шектелмек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







