Құрылтайдың жаңа спикері Айбек Дәдебайдың тұлғасы мен оның саяси салмағы сарапшылардың назарын аудара бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Саясаттанушы Талғат Қалиев жаңа спикердің медиа кеңістіктегі орнына, оған жүктелер жауапкершілікке және имидж қалыптастырудың үш түрлі тәсіліне арнайы талдау жасады.
Пікірінше, Дәдебай әзір жоғарғы эшелондағы әріптестеріне қарағанда ең аз медиалық капиталға ие. Вице-президент Ерлан Қариннің, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаеваның және премьер Бектеновтің қоғамдық бейнесі бұрыннан қалыптасқан, ал Бас құрылтайшыда қазірше мұндай танымалдық жоқ.
Жалғыз заң шығарушы органды басқаратын Айбек Дәдебай туралы сіз бен біздің білеріміз аз. Саясаттанушы мұны жаңа спикердің осал тұсы әрі стратегиялық мүмкіндігі деп отыр.
«Бас құрылтайшы? Оған өзінің имиджін «нөлден бастап» кешенді әрі тап-таза күйде құрастыратын мүмкіндігі бар», – дейді Қалиев.
Пайымынша, Дәдебайға жеке беделін қалыптастырумен қатар, Құрылтайдың қазіргі жүйедегі нақты саяси орны мен депутаттар корпусының ықпалын күшейту үшін күресуге тура келеді.
Алайда қоғамдық пікірге зер салсақ, жекелеген депутат мен партия жетекшілерінің танымалдығы спикердің тұлғасынан асып түсіп жатқаны байқалады. Сарапшы мұндай теңсіздік қоғамның назарын Дәдебайдан өзге ойыншыларға аударып жіберуі мүмкін екенін ескертуде.
«Егер жекелеген депутаттың медиа белсенділігі төрағаның саяси салмағынан асып кетсе, аудиторияның Құрылтайды қабылдау фокусы өзгереді. Бас құрылтайшының орнын басу эффектісі пайда болады», — дейді ол.
Дәдебайдың алдындағы үш сценарий
Сарапшы Айбек Дәдебайдың имиджі 3 түрлі сценарий бойынша дамуы мүмкін деп топшылайды.
Алғашқысы инерциялық жол. Егер Дәдебай Құрылтай отырысын жүргізіп, спикердің күнделікті міндетімен ғана шектелсе, қоғам оны «әрі кетсе әкімші» ретінде қабылдайды.
Екіншісі басқарушылық сценарий. Спикер Құрылтай жұмысының тиімділігіне, осы институттың нығаюына және заң шығару сапасына екпін берсе, «мықты парламенттік менеджер» бейнесін қалыптастыра алады.
«Үшіншісі саяси жол. Дәдебай өзіндік диалог стилін қалыптастырып, әлеуметтік және саяси қайшылықтарды реттеуге араласса ұтады. Құрылтайға көз тіккен қауымның алдында «мемлекет пен қоғам арасындағы арбирт» мәртебесіне ие болады», – дейді сарапшы.
Ойынша, спикердің саяси табиғатына үшінші сценарий көбірек сәйкес келеді. Құрылтай заң қабылдаумен ғана шектелмей, қоғамдағы әртүрлі топтың мүддесін билікке жеткізетін негізгі алаңға айналуы тиіс.
Журналистерге қойылған шектеу спикердің беделіне әсер етеді
Сарапшы Құрылтай журналистерінің жұмыс тәртібіне енгізілгелі жатқан жаңа ережеге де назар аударды. Ендігі тәртіп бойынша депутаттардың тілшілермен байланысы негізінен баспасөз орталығында және алдын ала белгіленген тақырып аясында өтпек.
Күн тәртібіне қатысы жоқ сұрақ бойынша сұхбатты Құрылтайдың немесе партияның баспасөз қызметі арқылы алуға тура келеді.
Қалиевтің пікірінше, әлгі талапты кім әзірлегеніне қарамастан, бұған қатысты қоғам мен медианың реакциясы тікелей спикердің беделіне әсер етеді. Дәдебай осы жағдайда Құрылтайды журналистерден алыстатқан әкімші ретінде де, билік пен төртінші билік арасындағы ашық диалогты жолға қойған тұлға ретінде де есте қалуы мүмкін.
«Журналистердің жұмыс тәртібіне қатысты дау су жаңа спикер үшін қатардағы ұйымдастырушылық мәселе емес. Ол Дәдебайдың үш сценарийдің қайсысын таңдайтынын көрсететін алғашқы саяси сынақ», — дейді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







