Қазақстандықтардың көбі зейнетақы жинағының артығын «Отбасы банктегі» депозиттеріне аударып, тұрғын үй мәселесін шешіп жүрген еді. Бірақ соңғы жеткіліктілік шегінің жоғарылауы енді көпшілік үшін осы мүмкіндікті жойды. Қазір салымшылар қолындағы зейнетақы ақшасын қалай пайдалануға болатынын білмей дал болып отыр деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы тарапта зерттеу жүргізген редакция тілшісі жинақтың қолданылу аясы шектеулі екені тағы бір мәрте көзі жетті.
Ең бастысы, бұған дейін «Отбасы банкте» ашылған ипотеканы дәл осы депозитке салынған зейнетақы жинағымен жабуға болмайды. Заң мұндай мүмкіндікті қарастырмаған.
Зейнетақыдан жиналған қаражатты депозит арқылы тек үш мақсатқа жұмсауға рұқсат:
- «Отбасы банктен» жаңа ипотека рәсімдеу, оның ішінде үй жөндеу шығынын қосуға болады;
- Басқа банктегі ипотеканы қайта қаржыландыру;
- Жер учаскесін сатып алып, жеке үй салу.
Бұрыннан бар ипотеканы тікелей жабу бұл тізімге кірмейді.
Егер зейнетақы қаражатын аудару мүмкін болмаса, мынадай нұсқалар қалады:
- Депозитті өз қаражатыңызбен толықтырып, болашақта заңмен рұқсат етілген мақсатта пайдалану.
- Депозитті жақын туысқа (ата-ана, жұбай, балалар, бауырлар) бір рет қана өткізу.
Бірақ ол туысыңыз депозитті басқаға қайта өткізе алмайды және ақшаны тек жоғарыда аталған мақсаттарға ғана жұмсайды.
Зейнетақы депозитінің қарапайым депозиттен қандай айырмашылығы бар?
Бір қарағанда, айырмашылық жоқ секілді. Екеуіне де тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің негізгі шарттары ортақ: банк сыйақысы 2%, мемлекеттік сыйлықақы жылдық жинақ сомасының 200 АЕК-ке дейінгі бөлігіне 20%. Бірақ зейнетақы депозитінде мақсатты пайдалану шектелген және мерзіміне қатысты лимит бар: қаражат 6 жыл ішінде жұмсалмаса, автоматты түрде БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Ал қарапайым депозитте уақыт шектеуі жоқ, жинай беруге болады.
Зейнетақы жинағын қолма-қол алуға бола ма?
Жоқ, зейнетақы депозитіндегі ақшаны қолма-қол алып жұмсау мүмкін емес. Егер депозитті жабатын болсаңыз, зейнетақы жинағы толығымен БЖЗҚ-ға қайтарылады. Тек 3 жылдан асқан депозит бойынша мемлекет сыйлықақысы сізде қалады.
Тобықтай түйін
- Зейнетақы депозитімен «Отбасы банктен» жаңа ипотека алуға, басқа банктің ипотекасын қайта қаржыландыруға және үй салуға болады.
- Депозитті жақын туысқа бір рет беруге рұқсат.
- Депозиттегі зейнетақымен «Отбасы банктегі» бар ипотеканы жабуға болмайды.
- Зейнетақы қаражатын қолма-қол алып пайдалану мүмкін емес.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







