Жамбыл облысы Сарысу аудандық полиция бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары Қанат Нарбеков шетелдік жұмысшыларды тексеру кезінде пара алғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz Orda.kz-ке сілтеп.
Қанат Нарбековке алаяқтық жасауға оқталу және пара беруге итермелеу баптары бойынша айып тағылған еді. Сот істің барлық мән-жайын толық дәлелденген деп таныды.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қаңтарында Нарбеков Сарысу аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалған. Ол қоғамдық қауіпсіздік, миграциялық бақылау, шетелдік жұмыс күшіне бақылау жүргізу және әкімшілік өндіріс салаларын қадағалаған.
2025 жылдың 14 мамырында Сарысу ауданында «Мигрант» атты профилактикалық шара ұйымдастырылып, миграциялық қызмет өкілдері China National Chemical Engineering Co., Ltd. компаниясының филиалында істейтін 33 Қытай азаматын тексерген. Компания «ЕвроХим» химиялық кешенінің құрылысына жауапты бас мердігер-тұғын.
Тексеру барысында шетелдік жұмысшылардың 21-інде тиісті жұмыс визаларының жоқ екені анықталған. Осы сәтті пайдаланып, Нарбеков компания өкілдеріне «мәселені шешуді» ұсынған. Сөйтіп, екі миллион теңге талап еткен.
Компания басшылығы әлгі жағдайды бірден құқық қорғау органдарына хабарлаған. Осыдан кейін іске Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары араласқан. Келесі күні 15 мамырда Нарбеков ҰҚК-нің жасырын бақылауымен болған кездесуде компания өкілдеріне ақша берудің қажеттілігін тағы да ескерткен.
2025 жылдың 16 мамырына қараған түні Жаңатас қаласындағы «Maki Maki» кафесінде Нарбеков 1,5 миллион теңге пара алу үстінде ұсталды. Күдіктіні тінту барысында ақшалай қаражат дәлел ретінде тәркіленген.
Сот шешімімен бұрынғы полиция қызметкері үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Нарбеков жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сондай-ақ, сот оны полиция подполковнигі арнайы шенінен айырды.
Ал Шымкентте тағы шу шықты. Әкімдік тікелей эфирге шыға беретін тұрғынға қатысты шулы мәлімдеме жасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







