Елордада 481 мыңнан астам жас тұрады. Ал олардың оқу, еңбек, баспана, қоғамдық белсенділікке қатысты сұранысы қаланың даму бағытына тікелей әсер етіп отыр. Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев сұхбатта жас буынға жасалып жатқан мүмкіндік, еңбек нарығына бейімдеу, волонтерлік қозғалыс, NEET санатындағы жастармен жұмыс және елордадағы жастар саясатының жаңа мазмұны туралы айтты.
– Самат мырза, Астанада жастар саясаты қазір қандай бағытта дамып келеді?
– Қазір жастар саясатын жеке-жеке іс-шараның жиынтығы деп қарауға болмайды. Астана үшін бұл қаланың әлеуметтік тынысын, еңбек нарығын, білім ортасын, мәдени келбетін және қоғамдық қауіпсіздігін айқындайтын үлкен бағыт.
Елордада 481 мыңнан астам жас тұрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30 мың адамға көбейді. Мұндай өсім қаланың жас буын үшін тартымды ортаға айналып келе жатқанын көрсетеді.
Бірақ жастар көбейген сайын жауапкершілік те артады. Біз үшін басты міндет жас адамның қалаға келіп, адасып қалмауына, өз орнын табуына, білімін еңбекке айналдыруына және қоғамнан шеттеп қалмауына жағдай жасау.
Жас адамның мәселесі тек оқу немесе бос уақытпен шектелмейді. Оның артында кәсіби бағдар, алғашқы жұмыс, тұрғын үй, денсаулық, еріктілік, қоғамдық белсенділік, отбасылық құндылық сияқты бірнеше қабат бар. Астанаға жыл сайын студенттер келіп, жас мамандар жұмыс іздейді. Ал мектеп бітірген түлектер жаңа ортаға бейімделеді.
Біздің басты міндетіміз осы буынға түсінікті жүйе ұсыну. Қайда баруға болады, қандай бағдарлама бар, қандай курс оқуға болады, алғашқы тәжірибені қайдан алады, еріктілікке қалай қосылады осының бәрі жас адамға қарапайым тілмен жетуі керек.
– Елордадағы ең өзекті мәселенің бірі жастарды жұмыспен қамту, бұл бағытта қандай жұмыс жүріп жатыр?
– Жастарды еңбекке бейімдеу басты басымдықтың бірі. Қазіргі нарықта дипломның өзі жеткіліксіз. Жұмыс беруші нақты машық, тәжірибе, жауапкершілік, командамен жұмыс істеу қабілеті және цифрлық сауат іздейді. Сондықтан «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны» сияқты жобаларды іске қосып, жүзеге асырып жатқан жайымыз бар.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 5 023 жас жұмыспен қамтылды. Бұл алғашқы еңбек қадамын жасауға берілген мүмкіндік. Біз жастардың уақытша жұмысқа ғана емес, тұрақты кәсіби жолға түсуіне де мән беріп отырмыз.
Осы ретте «Жасыл ел» көп адам ойлағандай тек жазғы жұмыс емес екенін айта кетуіміз керек. Біздіңше, «Жасыл ел» еңбек мәдениетіне үйрететін мектеп. Жас адам өз еңбегімен алғашқы табысын табады, командамен жұмыс істейді, қала тазалығына, ортақ кеңістікке жауапкершілікпен қарауды үйренеді.
Биыл жазғы маусымда мыңдаған оқушы, студент және жұмыссыз жас уақытша жұмысқа тартылды. Алғашқы екі айда 3 365 жас қамтылып, маусым соңына дейін 5 200 адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Кейінгі қорытындыда жазғы кезеңде 5 200 жас жұмыспен қамтылғаны айтылды. Бұл сандардың артында жас адамның еңбекке деген көзқарасы қалыптасады.
– Бірақ уақытша жұмыс жастар мәселесін толық шеше алмайды ғой?
– Әрине, бір ғана маусымдық жұмыс барлық мәселені шешпейді. Уақытша жұмыс бастама. Одан кейін кәсіби бағдар, қысқа мерзімді оқыту, нақты дағды, жұмыс берушімен байланыс, тәлімгерлік қажет.

Біз жастардың тек бір ай жұмыс істеп қоюын емес, сол тәжірибені келесі қадамға айналдырғанын қалаймыз. Мысалы, бір жас «Жасыл ел» арқылы алғашқы табыс табады, екінші жас волонтерлік арқылы ұйымдастыру қабілетін ашады, үшінші жас JOLTAP жобасы арқылы жаңа мамандық меңгереді. Әр жоба бір-бірін толықтырса ғана нәтиже шығады.
JOLTAP еңбек нарығына тез бейімделуге көмектесетін нақты құрал. Қазір жастар SMM, таргетинг, контент-креатор, графикалық дизайн, видеомонтаж, веб-дизайн, базалық цифрлық дағды сияқты бағыттарда оқып жатыр.
Сонымен бірге бариста, тігінші, сатушы, дәнекерлеуші секілді жұмысшы мамандықтарына да сұраныс бар. Жыл соңына дейін 5 300 адамды жұмысшы мамандығына, 2 700 адамды цифрлық бағытқа оқыту жоспарланған еді.
2025 жылға қатысты кейінгі деректерде жоба аясында 7 600 адамның қамтылғаны көрсетілді. Бұл – жастардың тек кеңсе жұмысына емес, қолмен істейтін, нарықта тез сұраныс табатын кәсіпке де бет бұра бастағанын аңғартады.
– Қазіргі жастар үшін цифрлық дағды неге соншалықты маңызды?
– Цифрлық дағды қазір қосымша артықшылық емес, табыс табудың нақты құралына айналды. SMM, видео өңдеу, таргетинг, веб-дизайн, графикалық дизайн сияқты бағыттар жастарға еркін жұмыс істеуге, тапсырыс алуға, шағын бизнеске қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Бұрын мамандық таңдауы бірнеше дәстүрлі салаға тірелетін. Қазір еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатыр. Бір жағында жұмысшы мамандықтар бар, екінші жағында цифрлық экономика тұр.
Астана осы екі арнаны қатар дамытуы керек. Себебі қалада студент көп, бірақ бәрі бірдей мемлекеттік қызметке немесе академиялық ортаға бармайды. Нарыққа икемді жасқа сұраныс артып келеді.
Жас адам қайда баратынын, кімге жүгінетінін, қандай құжат керек екенін, оқудан кейін не істейтінін түсінуі тиіс. Кейбір жастарға мотивация емес, қарапайым жол картасы жетіспейді. Мектеп бітірген, колледжден шыққан немесе университеттен кейін жұмыс таппай жүрген жас үшін бір терезе қағидасы өте маңызды. Оған мамандық таңдауға, қысқа курс табуға, тәжірибеден өтуге, жұмыс берушімен кездесуге көмектесетін орта қажет.
– Елордада волонтерлік қозғалыс та қарқынды дамып келеді, оның жастар саясатына әсері қандай?
– Волонтерлік қазір тегін жұмыс істеу деген тар түсініктен әлдеқашан шықты. Ол – ортаға кіру, жауапкершілік алу, тіл үйрену, адамдармен сөйлесу, ұйымдастыру қабілетін дамыту мектебі.
Биыл 5 мыңнан астам ерікті WORLD BOXING CUP ASTANA 2025, EcoFest, BI Marathon, Kazakhstan Machinery Fair және басқа да қалалық, халықаралық іс-шараларға қатысты. Олар аудармашы болды, қонақтарды қарсы алды, үйлестіру жұмысын атқарды. Кейінгі мәліметтерде елордада 50 волонтерлік ұйымды біріктіретін фронт-офис жұмыс істейтіні, оның 30-ы белсенді екені, жалпы белсенді волонтер саны шамамен 6 мың адамға жеткені айтылды. Мұндай қозғалыс жас адамның қала өміріне араласуына жол ашады.
Волонтерлердің жинаған тәжірибесі кәсіби портфолио ретінде мойындалуы тиіс. Мысалы, халықаралық іс-шарада аударма жасаған, үлкен форумда қонақтарды үйлестірген немесе спорт жарысында ұйымдастыру тобына кірген жас нақты тәжірибе жинайды.
Бұл ертең жұмысқа орналасқанда пайдалы болуы керек. Волонтерлік арқылы жас адам жауапкершілік, уақытты басқару, командамен жұмыс, дағдарыс кезінде тез шешім қабылдау сияқты дағды меңгереді. Мұндай қабілет кез келген жұмыс берушіге керек.
– Жастар қауіпсіздігі бағытында қандай жұмыс жүріп жатыр?
– Қауіпсіз орта жастар саясатының маңызды бөлігі. «ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы аясында рейдтер, спорттық жаттығулар, тренингтер, шығармашылық байқаулар, подкасттар, имитациялық сот процестері ұйымдастырылып келеді.
Интернет кеңістігінде есірткі заттарының заңсыз сатылымына мониторинг жүргізіліп, әлеуметтік желі мен маркетплейстердегі 12 мыңнан астам парақша тексерілгені айтылды. Қазір қауіп тек көшеде емес, телефон экранында да кездеседі. Сондықтан жастарды цифрлық ортадағы тәуекелден де қорғау керек.
– Аула клубтарының рөлі қандай?
– Аула клубтары жасөспірімдерді пайдалы ортаға тартатын өте қажет алаң. Қалада 10 аула клубы жұмыс істейді, 2 500-ге жуық бала мен жасөспірім 130 үйірмеге тегін қатысады.
Оның 74-і спорттық, 56-сы шығармашылық бағытта. Мұндай орта баланың көшеде бос жүруін азайтады, қабілетін ашуға көмектеседі, тәртіпке үйретеді. Әсіресе жасөспірім кезеңінде балаға назар, орта және бағыт керек. Аула клубы сол бос кеңістікті пайдалы мазмұнмен толтырады.
– Студенттік инфрақұрылым мәселесі қаншалықты маңызды?
– Астанаға жыл сайын мыңдаған жас оқуға келеді. Қалада 20 жоғары оқу орнында 105 мың студент білім алады. 25 мың орынға арналған жатақхана бар. Жалпы 64 студенттік жатақхана жұмыс істейді. 2025 жылы қосымша 3 400 орындық 7 жатақхана салу және қайта жаңғырту жоспарланғаны айтылды.
Жатақхана студент үшін жай ғана төсек орын емес. Ол қауіпсіздік, оқу үлгерімі, қаржылық тұрақтылық, ортаға бейімделу мәселесімен тікелей байланысты. Студент баспана іздеп әуре болса, білімге де, қоғамдық белсенділікке де толық көңіл бөле алмайды.
– Алдағы кезеңде Астана жастары үшін басты басымдық қандай болады?
– Басты басымдық жастарға арналған жобаларды бір-бірінен бөлек емес, ортақ экожүйе ретінде дамыту. Оқу, еңбек, бос уақыт, қауіпсіздік, еріктілік, цифрлық дағды, спорт, мәдениет, патриоттық тәрбие өзара байланысуы керек.
Жас адам бүгін аула клубына келсе, ертең волонтерлікке қосылсын, кейін қысқа курс оқысын, одан соң жұмысқа орналассын. Осындай табиғи жол қалыптасса, жастар саясатының әсері күшейеді.
Түпкі мақсатымыз жас адамға өз орнын табуға көмектесу. Біз үшін жастар қаланың болашақ маманы, кәсіпкері, дәрігері, мұғалімі, инженері, волонтері, ата-анасы, көшбасшысы. Жас буынға дұрыс орта қалыптастыру Астананың ертеңгі кадрлық қорын, қоғамдық мәдениетін және экономикалық қуатын қалыптастыру деген сөз. Сондықтан жастар саясаты бір науқанмен өлшенбейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







