Астана қаласындағы №7 Балалар кітапханасында мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндерге арналған «Экология – табиғат жүрегі» атты ақпараттық сағат өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шара балалардың табиғатқа ұқыпты қарау дағдысын ерте жастан қалыптастыруға бағытталды. Кітапханаға жеке балабақша тәрбиеленушілері тәрбиешілерімен бірге келді. Олар тақырыптық әдебиеттермен танысып, экологиялық тәртіп ережелері туралы мәлімет алды.
№7 Балалар кітапханасының қызметкері Кенжегүл Әбдікәрімованың айтуынша, мұндай кездесулер балаларға кітап арқылы қоршаған ортаны тануға мүмкіндік береді.
– Бүгінгі қонақтарымыз жеке балабақшаға баратын қыздар мен ұлдар. Олар тәрбиешілерімен бірге кітапханаға жиі келіп, кітап оқуды үйренеді, сурет салады, ойын ойнайды. Ақпараттық сағат барысында балалар экологиялық тәртіп ережелері мен табиғи ресурстарды сақтау жолдары туралы білді. Мақсатымыз – оларға ерте жастан бастап экологиялық мәдениет пен табиғатқа ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыру», – деді ол.
Шара барысында бүлдіршіндер табиғатты қорғау, суды үнемдеу, қоқысты бейберекет тастамау және жасыл желекті күту сияқты қарапайым ережелермен танысты. Мамандар балаларға экология ұғымын күрделі терминмен емес, күнделікті өмірдегі түсінікті мысалдар арқылы жеткізді.
Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, экологиялық тәрбие баланың табиғатқа деген көзқарасын ерте қалыптастырады. Бала кішкентайынан ағашты сындырмауды, суды босқа ағызбауды, ауласын таза ұстауды үйренсе, бұл әдет кейін тұрақты өмір салтына айналады.
Ақпараттық сағат ойын, әңгіме және кітаппен танысу форматында өтті. Мұндай тәсіл бүлдіршіндердің назарын аударып, табиғатқа қатысты қарапайым білімді жеңіл қабылдауына көмектеседі.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да балаларға арналған экологиялық және танымдық іс-шараларды жалғастыруды жоспарлап отыр. Кітапхана осылайша тек кітап оқитын орын ғана емес, жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтетін тәрбиелік алаңға айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







