Жел турбинасының пайдалану мерзімі аяқталған соң оның металл бөлігінің басым бөлігі қайта өңделеді, ал алып қалақтарды кәдеге жарату әлдеқайда күрделі. Еуропа мен АҚШ инженерлері шыны талшықтан жасалған қалақтарды жаяу жүргіншілер көпірінің арқалығына айналдыра бастады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жел электр қондырғылары әдетте 20–25 жыл қызмет етеді. Қалақтар осы уақыт ішінде екпінді желге, жауын-шашынға, температура өзгерісіне және тұрақты механикалық күшке төтеп береді. Қондырғы ескірген сайын оны жөндеу мен күтіп ұстауға жұмсалатын қаржы да арта түседі.
Белгілі бір кезеңнен кейін ескі турбинаны жөндеу жаңасын орнатудан тиімсіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда қондырғы бөлшектеліп, жарамды компоненті қайта пайдалануға немесе өңдеуге жіберіледі. АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметінше, жел турбинасы массасының шамамен 85–90 пайызы қазірдің өзінде коммерциялық жолмен қайта өңделеді.
Болат мұнара, алюминий, мыс сым және басқа металл қалыптасқан қайта өңдеу жүйесіне оңай түседі. Негізгі түйткіл көміртек немесе шыны талшықты қатты шайырмен біріктіріп жасайтын қалақтарға қатысты. Берік композитті бастапқы құрамына ажырату технологиялық жағынан күрделі әрі қымбатқа түседі.
Сондықтан инженерлер қалақты ұсақтап тастамай, беріктігін сақтаған құрылыс элементі ретінде қолдануды ұсынды. Осындай идея 2019 жылы Ирландияда қолға алынып, кейін BladeBridge жобасы мен халықаралық Re-Wind зерттеу желісіне ұласты. Жобаға Ирландия, Солтүстік Ирландия және АҚШ университеттерінің ғалымдары мен инженерлері қосылды.
Жиырма бес жылдан кейінгі тағдыр
2022 жылы Корк графтығында пайдаланудан шыққан қалақтардан жаяу жүргіншілер көпірі салынды. Екі ескі қалақ көпірдің негізгі тіреу арқалығы ретінде қолданылып, болат конструкцияның орнын басты. Корк университетінің есебінше, осындай шешім болат арқалық өндіргенде пайда болатын шамамен 800 килограмм көмірқышқыл газының бөлінуіне жол бермеген.
Инженерлер қалақты құрылыс алаңына бірден орната салған жоқ. Алдымен оның әр бөлігіндегі беріктік, созылу, қысылу және жүк көтеру қабілеті зерттелді. Кейін көпірдің цифрлық моделі жасалып, әртүрлі салмақ түскен кездегі қауіпсіздігі компьютерлік сынақтан өткізілді.
Ирландиядағы тәжірибе 2025 жылы АҚШ-та жалғасын тапты. Джорджия технологиялық институтының мамандары Атлантадағы Бивербрук саябағына елдегі алғашқы осындай көпірді орнатты. Колорадодағы жел электр станциясынан жеткізілген ұзындығы 15 метр қалақтың салмағы шамамен 3,2 тонна болған.
Жаңа көпір бұрын өту қиын болған өзеннің арғы бетін саябақтың негізгі бөлігімен байланыстырды. Америкалық қалақ Еуропада қолданылған үлгіден ірі болғандықтан, инженерлер оның геометриясын өлшейтін жеке бағдарламалық шешім әзірледі. Құрылым қалалық қауіпсіздік және құрылыс талаптарына сәйкестендірілді.
Жоба авторлары мұндай тәсілді қайта өңдеу емес, бейімдеп қайта пайдалану деп атайды. Қайта өңдеу кезінде материал ұсақталып, бастапқы шикізатқа ажыратылса, бейімдеп пайдалану кезінде дайын қалақ өзінің құрылымдық қуатын сақтайды. Тұтас композит ұсақталған материалға қарағанда әлдеқайда берік құрылыс элементі болып қала береді.
Полигонға апарар жол жабылды
Қалақтарды көпірге айналдыру әзірге барлық қалдықты қабылдайтын әмбебап шешім емес. Әр қалақтың көлемі, техникалық жағдайы мен құрылысы әртүрлі болғандықтан, әр нысанға жеке инженерлік есеп қажет. Тасымалдау шығыны да шалғайда тұрған алып конструкцияны қайта пайдаланудың экономикалық тиімділігіне әсер етеді.
Соған қарамастан, балама шешім іздеу барған сайын өзекті бола түспек. Зерттеушілердің есебінше, АҚШ-та 2050 жылға дейін пайдаланудан шығарылатын жел қалақтарының жиынтық массасы 2 миллион тоннадан асуы ықтимал. Еуропада сол кезеңге қарай өңдеуді қажет ететін қалақ композитінің көлемі шамамен 7,6 миллион тоннаға жетеді деген болжам бар.
АҚШ Энергетика министрлігі 2050 жылы жыл сайын пайда болатын қалақ қалдығы 200–370 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін екенін хабарлады. Ауқымды көрінгенімен, көрсеткіш елдегі тұрмыстық және құрылыс қалдығының жиынтық көлемінің 0,15 пайызынан да аз болады. Қалақ композиті қауіпті қалдыққа жатпайды, алайда оны көму бағалы әрі берік материалды айналымнан біржола шығарады.
Саланы дамыту үшін механикалық ұсақтау, пиролиз және химиялық еріту әдістері де зерттеліп жатыр. Кей технология композиттен шыны немесе көміртек талшығын бөліп алып, оны жаңа өнім өндірісіне қайтаруға мүмкіндік береді. Болашақ турбиналардың қалақтары оңай ажыратылатын шайырдан жасалса, кәдеге жарату мәселесі де біртіндеп жеңілдеуі мүмкін.
Ескі қалақтан дыбыс тосқауылын, аялдама, шағын архитектуралық нысан немесе қоғамдық жиһаз жасауға да болады. Алайда көпір жобасы композиттің беріктігін барынша тиімді пайдаланатын шешім ретінде ерекшеленеді. Кеше электр өндірген алып қалақ ертең адамдарды өзеннің арғы бетіне өткізіп, қалалық инфрақұрылымға қайта қызмет ете алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







