Еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайрат ұсталғаннан кейін әлеуметтік желіде түрлі ақпарат тарап кетті. Соның ішінде ол оқыған оқу орындарына қатысты ақпарат та бар, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Желіде «Перизат өзі оқыған колледж жатақханасында телефон ұрлап, оқудан шыққаны» айтылды. Stan.kz мәліметінше, Перизат Қайрат оқыған “Маңғыстау өнер колледжі” мен Эстрада-цирк колледжі желіде тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірген.
“Маңғыстау өнер колледжі” МКҚК Қасенғалиева Перизат Қайратқызы оқу орнына 2006-2007 оқу жылы “Хорда дирижерлік ету” мамандығы бойынша 1-курсқа қабылданғанын мәлімдеді. Кейін 2008 жылы Алматы қаласындағы Ж.Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжіне ауысып кеткен.
Алайда оның басқа оқу орнына не себепті ауысып кеткенін айтудан бас тартқан.
Басылым мәліметінше, екі оқу орнында да Перизат Қайрат бір жыл, бір жылға жетпейтін уақыт оқыған.
Сондай-ақ Ж.Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжі Перизат Қайраттың оқудан шығып қалғанын растады.
“Колледж мұрағатынан Перизат Қайрат (Қасенғалиева) туралы келесі мәліметтер табылды. Қасенғалиева Перизат – 2008 жылы ақпан айының екінші жарты жылдығынан бастап, Маңғыстау өнер колледжінен ауысуына байланысты 1-курс “Жеке ән салу” бөліміне бюджеттік оқу түріне қабылданған. “Жеке ән салу” бөлімінің 2-курс студенті Қасенғалиева Перизат 2008 жыл қазан айының 24-нен бастап өз еркімен оқудан шығарылған. П. Қасенғалиеваға академиялық анықтама берілген”, – деп жазылған колледждің баспасөз қызметі жауабында.
Айта кетейік, ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
«Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді», — деп хабарлады агенттік бұған дейін.
Мәліметке сүйенсек, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына жұмсалған.
«Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 млн теңгеге «Lexus LX-600» және 39 млн теңгеге «Haval» автокөліктерін сатып алды. Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол «Cartier» және «Louis Vuitton» сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған», — деп жазылған агенттік мәліметінде.
Артынша ҚМА оның заңсыз әрекетінің тағы бір эпизоды анықталғанын хабарлады.
«2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. «Sensata Plaza» элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге «Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic» жаңа автокөлігін сатып алды. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі БАӘ—де «Rolex», «Prada» және «Fendi» брендтік бутиктерінен зергерлік бұйымдарды, сағаттар мен киімдерді сатып алуға жұмсалды», — деп жазылған хабарламада.