Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданындағы Сұлукөл ауылында «Жер ырысы — 2026» агрофестивалі басталды. Екі күндік шарада шаруалар аграрлық технологиялармен танысып, отандық және шетелдік мамандардан кеңес алады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл бесінші рет ұйымдастырылған фестивальға Қазақстаннан және алыс-жақын шетелден 40-тан астам компания қатысуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жаңа техника, өсімдік қорғау құралдары, ветеринариялық препараттар мен өнімділікті арттыруға арналған технологиялар таныстырылады.
Фестиваль алаңында шаруалар ғылым мен өндірістегі соңғы жаңалықтарды көріп, тәжірибелі сарапшыларға тікелей сауал қоя алады. Мамандар мал ауруларының алдын алу, егісті зиянкестерден қорғау, топырақ құнарын сақтау және өндіріс шығынын азайту жолдарын түсіндіреді.
Батыс Қазақстан облысы елдегі ірі аграрлық өңірлердің бірі саналады. Аймақ мал саны бойынша алдыңғы қатарда тұр. Еділбай қойы, Көшім жылқысы және қазақтың ақбас сиыры осы өңірде қалыптасқан танымал тұқымдар қатарында.

Облыста егін шаруашылығы да қарқын алып келеді. Биыл жекелеген қожалықтар күздік бидайдың әр гектарынан 100 центнерге дейін өнім жинаған. Өңір басшысы Нариман Төреғалиев мұндай көрсеткішке заманауи технология мен мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізілгенін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы мен қолдауының нәтижесінде аграрлық салаға бұрын-соңды болмаған көлемде қаржы бөлініп, мемлекеттік қолдау тетіктері кеңейтілді. Кейінгі 3 жылда облыстың агроөнеркәсіп кешеніне 190 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды, – деді Нариман Төреғалиев.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеуге де басымдық беріліп отыр. Алдағы міндеттердің бірі — өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізу. Осы мақсатта жаңа өндіріс орындарын ашу, шаруашылықтарды техникамен қамту және ауыл кәсіпкерлерінің нарыққа шығуына жағдай жасау көзделген.
«Жер ырысы — 2026» фестивалі тәжірибе алмасатын көрме ғана емес, ғылым, бизнес және ауыл шаруашылығын тоғыстыратын кәсіби алаңға айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







